Премьер-министр ведомстволарға дербес деректерді қорғауға қатысты тапсырма берді

Сәуір 28, 2026, 7:01 Т.Қ.

Экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуі қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Фото: canva

— Қазіргі сын-қатерлер әлеуметтік-экономикалық даму барысын жоспарлаудың неғұрлым нақты құралдарына көшуді талап етеді. Жасанды интеллект үлкен деректерді өңдеуге, заңдылықтарды анықтауға және барынша нақты болжамдар жасауға мүмкіндік береді, яғни мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігін арттырады. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, экономикалық үдерістердің дамуын болжау үшін жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетігін енгізуі қажет, — деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, кәсіпорындардың көпшілігіне, әсіресе шағын және орта бизнес үшін жасанды интеллект күрделі әрі қол жеткізе алмайтын құрал болып отыр. Мұның негізгі себептері — құзыреттердің, ресурстар мен нақты іске асыру тетіктерінің жетіспеушілігі.

— Сондықтан Жасанды интеллект министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шағын және орта бизнес саласында жасанды интеллектіні енгізуді ынталандыру тәсілдерін әзірлеуі қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағытта жаңа мамандарды даярлаумен қатар, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген кадрларды қайта даярлап, аталған мәселеге баса мән беруге тиіс, — деді Премьер-министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы бекітілгенін еске салды. Бұл саланың одан әрі дамуына серпін беріп, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын айқындайды. Қазір заңнамада жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде дербес деректерді қорғау қажеттілігі көзделген.

— Жасанды интеллект министрлігіне үшінші тараптар мен жүйелердің дербес деректерге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, сондай-ақ зияткерлік меншік нысандарына құқықтарды қорғау мақсатында тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырамын. Қорытындылай келе, «Digital Qazaqstan» стратегиясының жобасы елімізде түбегейлі цифрлық өзгерістерді қамтамасыз етіп, экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізуге бағытталғанын атап өтемін. Сондықтан оның жедел келісіліп, әрі қарай сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету маңызды, — деді Олжас Бектенов.

Теги: