Президент Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинді қабылдады

Қар. 4, 2025, 11:37 Т.Қ.

Мемлекет басшысы Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинді қабылдады. Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіп кооперациясы және мәдени-гуманитарлық ықпалдастық перспективасы талқыланды. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Александр Турчиннің Астанаға жасаған алғашқы ресми сапары Қазақстан мен Беларусь арасындағы стратегиялық серіктестіктің айрықша сипатын растайды, сондай-ақ екіжақты ықпалдастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін көрсетеді.

— Сіздің сапарыңыз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан өте маңызды деп санаймыз. Елдеріміздің сауда байланыстары миллиард долларға жуықтап, табысты дамып келеді. Менің білуімше, Қазақстан — Беларусьтің екінші сауда серіктесі. Жалпы, Сіздің еліңіз бен халқыңыздың төл мәдениетіне ерекше құрметпен қараймыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Александр Лукашенкоға сәлемімді жолдағым келеді. Табысты ықпалдастығымызды нақты нәтижелермен жалғастыруға бейілміз, — деді Қазақстан Президенті.

Теги: