Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Маусым 18, 2026, 11:14 Т.Қ.

Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Фото: Ақорда

– Өткен жылы біз ардақты кәсіп иелері – медицина мамандарын алғаш рет Ақордаға шақырып, құрмет көрсеттік. Биыл да игі дәстүрге сай өздеріңізді осы жерде көргеніме өте ризамын. Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деген тағылымды сөзге ерекше мән берген. Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екенін, денсаулық сақтау саласында қоғам игілігі үшін адал қызмет етіп жүрген әр қызметкердің еңбегі ерен екенін жеткізді.

– Халқымыз сіздерді ең қадірлі мамандық иесі ретінде сыйлайды және құрметтейді. Түптеп келгенде, медицина мамандары еліміздің басты байлығы – азаматтарымыздың денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Мен Мемлекет басшысы ретінде осы салада табанды еңбек етіп жүрген барша қызметкерге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.

Теги: