Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Қаз. 26, 2024, 10:19 Т.Ж.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық мереке – Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты.
Іс-шара «Ақорда» резиденциясының алдында өтті.
Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.
Баршаға белгілі, Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған бұл күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы деп баға берген болатын.
Ұлттық мерекені Республика бойынша ресми түрде атап өту осы салтанатты шарадан басталды. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтеді.