Президент Вьетнам Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысына көңіл айтты
Шілде 21, 2025, 11:22 Т.Қ.
Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламға көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнамда болған «Вифа» тайфунынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізген.
– Осындай ауыр сәтте қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, Сізге және жақындарынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ достас Вьетнам халқына көңіл айтамын. Табиғи апаттан жарақат алғандардың тез арада сауығып, аман-есен отбасыларына оралуына тілектестігімді білдіремін, - делінген жеделхатта.