Рамазан айында пойыздардағы вагон-ресторандар арнайы кестеге көшті
Қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарындағы вагон-ресторандар арнайы кесте бойынша қызмет көрсетеді. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
— Аталған тәртіп 40 вагон-ресторанда енгізіледі. Вагон-ресторандар күн сайын сағат 8:00–ден түнгі 24:00–ге дейін қызмет көрсетеді. Ораза ұстаушыларға ыңғайлы болу үшін сәресі уақытында — сағат 04:00–ден 05:00–ге дейін ашық болып, жолаушыларға ораза басталғанға дейін таңғы астарын іше алады, — делінген хабарламада.
Бұған қоса Рамазан айында вагон-ресторандарда арнайы әзірленген мәзір топтамалары ұсынылады. Ауызашар кезінде вагон-ресторандарда жолаушыларға су мен құрма тегін беріледі. Бұл уақытта пойыздарда алкоголь өнімдері сатылмайды.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, рухани кемелдену мен ізгі тілектерін білдірді.