Ресей Германияға газ беруді тоқтатты

Шілде 13, 2022, 1:44 Т.Қ.

Ресей 11 шілдеден бастап «Солтүстік ағым» газ құбырымен Германияға табиғи газ айдауды тоқтатты.

Бұл жөнінде алдын ала хабарланған – газ құбырының операторы Nord Stream AG компаниясының сөзінше, әңгіме – 21 шілдеге дейін созылатын жоспарлы профилактика туралы.

Алайда Германия мен Еуропа одағының өзге де елдері Украинадағы соғыстан туған қарсылыққа байланысты газ қайта берілмеуі мүмкін деп қауіптенеді. Олай болса, Еуропада энергеткалық дағдарыс болуы мүмкін.

Газ құбыры жылына бірнеше күн профилактика мақсатында тоқтатылады. Бірақ Еуропа одағы бұл жолы газ тоқтағанға дейін-ақ «Солтүстік ағымнан» келетін газдың екі есе азайғанынан сескенеді. Ресей азайған газдың есесін Украина арқылы өтетін газ құбырымен немесе өзге де жолдармен толтырмаған.

«Газпром» газ беруді күрт азайтқанын санкцияға байланысты Канаданың Siemens-ке тиесілі жөндеудегі газ турбиналарын қайтармай қойғанынан көріп, Ростехнадзор компрессор станциясынан тапқан өзге де ақауларға сілтеген. Дегенмен Берлин Ресей шешімінің саяси астары бар деп санайды.

6 шілдеде Германия канцлері Олаф Шольц «Бүгін нақты айтуға мәжбүрміз: Ресей газды қаруға айналдырып отыр», – деп мәлімдеген.

Сөйте тұра Германия билігі Канадамен келіссөз жасап, Ресейдің турбинасын қайтарып беруді сұраған. Канада үкіметі турбинаны Ресейге емес Германияға беретін болған. Ал Германияның турбинаны Ресейге жіберетіні мәлім. Мәскеу әзірге бұл жөнінде пікір айтқан жоқ.

«Коммерсант» жазуынша, Канада «Солтүстік ағым» турбинасын шамамен 14 шілдеде жібереді. Оны Ресейге жеткізуге шамамен екі апта кетеді, одан кейін орнатуға да бірнеше күн керек.

Deutsche Welle жазуына қарағанда, Германия басшылығы 21 шілдеден кейін «Солтүстік ағым» құбырымен келетін Ресей газы толығымен тоқтауы әбден мүмкін деп санайды.

Кейбір саясаттанушылардың болжамынша, Владимир Путин Украинадағы мақсатына жету үшін Германияны ауыр экономикалық дағдарысқа, одан кейін саяси дағдарысқа жеткізуден тайынбауы мүмкін.

Егер Ресей газы толық тоқтайтын болса, Германия мен Еуропа елдерінің көпшілігінде отын тапшылығы тууы ықтимал.

Теги: