Ресей Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасына құрметпен қарайды

Маусым 23, 2022, 1:49 Т.Қ.

Санкт-Петербордағы экономикалық форумда жасаған Тоқаевтың атышулы мәлімдемелерінен кейін Кремль Қазақстанға қысым көрсетпейді. Ресейдің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова осындай мәлімдеме жасады.

Оның сөзіне сенсек, Ресей Қазақстанның Украинадағы соғысқа қатысты көзқарасына құрметпен қарайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге сапарында Украинаның сепаратистік аймақтары – «ДХР» және «ЛХР» атты квазимемлекеттерді Қазақстанның мойындамайтынын, Тайвань, Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазия сияқты даулы аймақтармен қатар қоятынын ашық айтқан болатын.

«Ресейдің зомби жәшіктері, сайттары, telegram арналары тарапынан ақпараттық шабуылдарға дайындала берген жөн. Бәлкім, кідіріс жасауы да ықтимал. Бірақ арқаны кеңге салуға болмас. Экономикалық қысым көрсете бастауы да кәдік», – деп жорамал айтқан еді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Әзірге Ресейдің сыртқы істер министрлігі қазақстандық сарапшылардың пікірін терістеп отыр. Тіпті, ресейліктердің Батыспен салыстырғанда «сүттен ақ, судан таза» болып шығатынын тағы бір мәрте еске түсіріп үлгерді.

«Бұл – көп сөз етіп жатқан мысалдардың бірі. Біздің тәсілдеріміз басқа болуы мүмкін. Демократия мен плюрализмді ұстанамыз дегеніне қарамастан, батыс режимдері басқаша ойлағандарға мүлде төзіммен қарамайды. Ал біз болсақ, серіктестерімізге құрметпен қараймыз», – деді Захарова.

Теги: