Ресейлік саясаткер Путиннің Тоқаевтың атын қате айтуының астарын түсіндірді

Маусым 20, 2022, 8:40 Т.Қ.

Қазақстанда екінің бірі Петербор форумындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін қызу талқылап жатыр. Ел ішінен бөлек, Қытайдың да жаңалықтар рейтингінде «Қазақстанның Луганскты мойындамайтыны» туралы ақпарат бірінші орынға шығып кеткен. 

Ресейлік саясаткер, мемлекеттік думада бұрын депутат болған Евгений Ройзман Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің «сөз шарпысуына» өзінше баға беріпті.

Петербор экономикалық форумында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның «ДХР» мен «ЛХР»-ды мойындамайтынын ашық айтқан. Одан бөлек Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жасайтын ресейлік жекелеген мәдениет және ақпарат саласының насихатшыларына ескерту жасаған. Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин «ескі әніне» басып, Қазақстан президентінің есімін «Кемелжемелович» деп, қате айтты. Путин Тоқаевтың атын бұрын да дұрыс атамаған кездері бар.

Ресейдің «Живой Гвоздь» ютуб-арнасында таяуда ресейлік Евгений Ройзман атты саясаткері осы оқиғаны сараптап шыққан.

«Иә, оның жағдайы күрделі. Дәл қазір өзін «тәртіпті» ұстауға мәжбүр. Бірақ жалпы бәріне тәртіпті болу керек, негізі. Оған қоса Тоқаевтың шығыс халықтарына тән тәрбиесін байқаймыз. Ол тәртіпті болу керектігін түсінеді. Көпшіліктің алдында оны қорласа да (бұл жерде Ройзман Путиннің Тоқаевтың атын қате айтқанын меңзеп тұр – авт.), ол өзін тәртіпті ұстап отыр. Бірақ меніңше адамның атын дұрыс атамау жағдайлары ешқашан ұмытылмайды. Бұрын шенеунік болған өз басым бір кісідей білемін. Кез келген шенеуніктің атын басқа бір шенеунік атын атамай, басқа атпен атаса, «аппарат тілінде» бұл жағдай сенімен ол адамның санаспайтынын, сені көзге ілгісі келмейтінін білдіреді. Кез келген шенеунік үшін бұл өте салмақты сигнал. Бұл – сені құрметтемеудің белгісі», – дейді ол.

Евгений Ройзманның айтуына қарағанда, Путиннің Тоқаевтың атын көпшіліктің алдында қате айтуының осындай астары бар.

Теги: