Роман Скляр қытайлық компанияның директорлар кеңесі төрағасымен кездесті

Жел. 30, 2025, 1:20 Т.Ж.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Астанаға қытайлық компания делегациясын бастап келген Қытайдың MCC International Engineering Group Co., Ltd компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чжу Сяофеймен кездесу өткізді.

primeminister.kz

Кездесу барысында тараптар тау-кен және металлургия өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың келешегін, сондай-ақ қытайлық инжиниринг компаниясының Қазақстан аумағындағы ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.

Роман Скляр MCCI компаниясының жобалаудан бастап жабдықтарды жеткізуге, құрылыс жүргізуге және объектілерді пайдалануға беруге дейінгі жобаларды толық циклде жүзеге асырудағы елеулі халықаралық тәжірибесін атап өтті. Мұндай тәжірибе өндірістік қуаттарды жаңғырту және шикізат базасын дамыту жағдайында қазақстандық өнеркәсіп компаниялары үшін практикалық тұрғыдан аса маңызды.

Келіссөздер барысында Атасу ауданында темір және марганец кенін өңдейтін байыту фабрикасын салу жобасына ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы бұл жобаны тау-кен саласын дамытудың және ел ішінде қосылған құнды арттырудың стратегиялық маңызды элементі ретінде қарастырады.

Роман Скляр Қазақстан Үкіметінің жобаны қажетті ведомствоаралық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге және оны жүзеге асыруға байланысты мәселелерді жедел шешуге жәрдемдесуге дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар MCC International Engineering Group компаниясының жобаны пысықтауға нақты қатысуы, бірлескен жұмыс тобын құру және ынтымақтастық параметрлерін айқындайтын жол картасын әзірлеу мерзімін келісу жөнінде уағдаласты. Сондай-ақ перспективалы тау-кен байыту жобалары бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендерін растады.

Теги: