Рубль қалай «орыс әлемінің» қаруына айналды?

Шілде 21, 2022, 10:20 Т.Қ.
Ресей «орыс әлемін» Украинада – қарудың, ТМД-ның өзге елдерінде рубльдің күшімен құрып жатыр. Мұндай тұжырым жасауға Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдердің ашық түрде рубльмен есеп айырыса бастауы түрткі болып отыр. Сарапшылардың ортақ пікірі осыған саяды. Айталық, Қырғызстан мен Ресей енді тек қана рубльмен саудаласпақ. Мұның ресми себебі – санкция мен SWIFT-жүйесінің өшірілуі. Әйтеуір Қырғызстанның Экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев сөйдеді.

Кейбір қазақстандық сарапшылар мұның астарынан Ресей экономикасын, оның ұлттық валютасын жасанды түрде қолдау әрекетін көреді. Екіншілері қазіргі қалыптасқан ахуалда бұдан қашып құтыла алмайтынымызды алға тартады.

Ұлттық валютамыздың да, Ұлттық банктің де маңызы жойылады.

Мақсат Халық, экономист:

– Ресейге, рубльге тәуелділігіміз күшті. Бірақ ортақ валютаға немесе тек қана рубльмен есеп айырысуға көшуге жол бермеуіміз керек. Еуразиялық Экономикалық одақтың келісімде бұл анық көрсетілген. Біздің үкімет бұл мәселенің күн тәртібінде тұрмағанын жиі айтады. Десе де, өзін ұлттық мемлекеттен жоғары тұрған органбыз деп есептейтін Еуразиялық экономикалық комиссияның жоспарында бар дүние, бұл.

Бұдан бөлек, ортақ электронды валютаға өту мәселесі ұсыныс ретінде айтылып жүр. Еуропалық одақтың ішінде электронды ақша SDR деп аталады. Мен бұған да қарсымын. Әрине, мұның ұтымды жақтары да бар. Қолайлы болады. Есептесу жеңіл. Валюта айырбастап жүрмейді. Кәсіпкерлер үшін тиімді. Бірақ оның зиянды жағы да бар.

Мәселен, «Одан да рубльге өте салмаймыз ба? Ұлттық валютадан бас тартайық!» деген ұсыныстар пайда болуы мүмкін. Өткен жылы екі жақты тауар айналымы 24 млрд доллар болған. Алты млрд долларға тауар сатсақ, 18 млрд доллар тұратын тауар елге кірген. Сонда, электронды есеп айырысу шоты не істейді? 6 млрд долларды минусқа кетіреді. Ал қалған 12 млрд долларды бірдеңемен толтырып беруіміз керек болады. Немен толтырамыз? Ресей оның орнына алтын немесе жер сұрауы мүмкін.

Бірыңғай рубль аймағы – болашақта біздің ұлттық валютамыз болмайды деген сөз. Демек, ұлттық банктің де маңызы жойылады. Ресейдің Орталық банкіне күніміз қарап қалуы мүмкін. Бізге рубль басып берші деп жалынып отыратын жағдайға да жетуіміз ықтимал.

Теги: