Сайлаулардың әділ өтуі – демократияның көрінісі

Маусым 5, 2023, 3:48 Т.Ж.

Биылғы жылдың көктемінде Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға сайлау өтті. Бұған дейін еліміздегі «Нұр Отан» партиясының Төрағасы қызметін еліміздәің Президенті атқарып келген еді.

2023 жылдың наурыз айында өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы қарсаңында Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев партия мүшелігінен шығатынын,  Төраға лауазымын атқармайтынын айтып, Референдумға сай  демократиялық ұстаным, «жаңа Қазақстанның» келбетін айқындай түсетін қадам жасады.

Атауын «Аманат» деп өзгерткен бұрынғы «Нұр Отан» партиясына сөз жоқ бұған дейін жария түрде болмаса да билік тарапынан қолдау демеу,  қолында лауызымы бар жандардың шарапаты көп тиетін. Соның әсерінен де шығар сайлау науқаны қарсаңында және сайлау өткенге дейін де бюджеттік қызметкерлер оның ішінде мұғалімдерді осы жұмысқа жегетін.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолғы сайлауда мұндай көрініс орын алған жоқ. Елімізде саяси партиялардың барлығына да бірдең құқық, мүмкіндік берілген. Осы жолғы Парламенттік сайлауға 7 партия қатысты.

Солардың ішінде «ала қойды бөле қырыққандай» етіп, «Аманатқа» (бұрынғы «Нұр Отанға») айқын басымдық, ерекше мүмкіндік берілген жоқ. Барлығына да бірдей бағыт, өріс ашылды.

«Сөзіңіздің жаны бар, бұған дейін де бірнеше сайлау науқанына қатыстық. Қанаша мәрте сайлау бюллетендерін, кандидаттардың үгіт-насихат жұмыстарын  жүргізуге көмектестік.  Үй-үйді аралаған кезіміз де болды. Бұл жолы мұғалімдерге ондай ауыр жұмысты арқалатқан жоқ. Демократиялық ұстаным,  халықтың пікірмен санасу деген осы шығар», – дейді денешынықтыру пәнінің мұғалімі Айдос Қожамбердиев.

Ал Алматы қаласындағы мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек ететін Гүлжан Тоқтақынова болса, 35 жылдық еңбек өтілінде еліміздің саяси  кезеңдердегі түрлі сайлауларға қатысқанын айтып, педагог мамандардың сайлау науқаны кезінде күшін көбірек пайдаланып келгенін жасырмайды. Бұл жолғы  сайлауда  шындықтың, әділеттіліктің орнаған көргендей болғанын айтады.

«Бұған дейін Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлаудың науқандарына қатыстық. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін топтың да шаруасына мұғалімдер қосылатын. Сайлау учаскесіндегі кезекшілікке де бізді қосатын.  Тіпті  шағын аудандарға бөліп, тұрғындарды аралап, қанша сайлаушылар бар салдын ала санақ та жүргізген кезіміз болды. Ал биылғы көктемдегі сайлауда мұғалімдерге бұрынғыдай атқаратын жұмысты көбейткен жоқ. Ешқандай да  міндеттеп, мәжбүрлеп дауыс бергізу тәсілі де қолданылмады. Әркім өзінің ойымен, ішкі түйсігімен санаса отырып өз таңдауын жасады. Ешқандай да мәжбүрлеу, белгілі бір партияға дауыс беру деген талап қойылған жоқ», – дейді педагог Гүлжан Тоқтақынова.

Алматы облысы мәслихатына депутат болып сайланған  белгілі спорт бапкері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы джиу-джитсу спорт клубының негізін қалаушы әрі жетекшісі Нұрсұлтан Орынбасаров бұл жолғы сайлаудың  артықшылықтарын халық айқын сезінді дейді.

«2020 жылы елімізде парламент мәжілісі мен аудандық, облыстыөқ, қалалық мәслихаттарға сайлауға  үміткерлер праймериз арқылы таңдалды. Сол кезде  «Нұр Отан» деп аталған қазіргі «Аманат» партиясының праймеризінде бағымды сынап іріктеуден өттім. Сайлау науқанының қалай өтетінін өзіміз ішінде жүріп көрдік. Елдің ішін аралап, сайлаушылармен жүздесулер өткіздік. Биылғы наурыз айында өткен Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауының бұрынғы сайлаулардан артықшылығы  айқын аңғарылды деп айтар едім. Себебі өздеріңіз білесіздер  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев саяси бәсекеде  партиялардың құқығы бірдей болуы үшін, доданың әділ өтуіне мүмкіндік туғызып ешқандай  да саяси ұйымға мүше болмайтынын айтты. Әрі сондай батыл қадам, оң шешім шығарды.  Соның да әсері болған шығар, басқа бапртиялар да биылғы сайлау додасында өздеріне берілген мүмкіндікті  молынан пайдаланды. Өзіміз де сайлаушылармен кездесулер өткізгенде  мұғалімдерді мәжбүрлеп  науқанға тарту  дерегін байқаған жоқпыз. Сондықтан да алдағы болатын сайлаулар кезінде  шынайлық пен әділдік көрініс табады деп сенемін», – дейді Алматы облыстық мәслихатының депутаты Нұрсұлтан Орынбасаров.

Расымен де елімізде бұдан былай өтетін сайлау науқандарында демократияның деміне ешқандай қысым, жолына бөгесін болмайтыны биылғы сайлауда аңғарылды.

Сауыт Әшім          

Теги: