Саммиттің салмағы қабылданған құжаттармен, бекітілген шешімдермен бағаланады
Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев өзінің желідегі парақшасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Астана саммитіне қатысты пікір білдірді.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымы – әлемнің 3 млрд халқын біріктіретін, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес елдің екеуін қамтитын, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жеткен, одан өзге бақылаушы, қатысушы форматта жұмыс істейтін мемлекеттерді қосқанда жаһандағы әлеуеті зор халықаралық ұйымдардың бірі. Бүгін әлемнің назары Астанаға ауған күн болды десек артық айтқандық емес шығар. Жаһанның 16 мемлекетінің президенттері, үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутьеррес сынды саяси тұлғалар Қазақстанда бас қосты. Астанада 2023 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, еліміз тарапынан көтерілген бастамалар мен атқарылған істердің логикалық түйіні қойылды. 3 миллиард халықтың басын қосқан ұйым аясындағы өзара сауда-саттық, экономиканың бүгінгі әлеуеті расында көптеген түйіткілді мәселелерді шешетіні де анық. Еліміз тарапынан көтерілген логистикалық, сауда-саттық, экономикалық, экологиялық және мәдени саладағы бастамалар Саммит аясында қабылданған құжаттармен халықаралық деңгейде қолдау тапқанын да атап өткен жөн. Саммиттің салмағы әрқашан да қабылданған құжаттармен, бекітілген шешімдермен бағаланады», - деді саясаттанушы.