Сатып алу туралы заңнамадан «Самұрыққа» берілген ерекшеліктер алынып тасталуы мүмкін
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутатының «Самұрық-Қазына» қорының бір көзден сатып алу жүйесі Қазақстан экономикасын тежеп отырғаны туралы сауалына жауап берді.
- Қаржы министрлігі «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы» туралы Заңнан қорға қатысты ерекшеліктерді алып тастау мәселесін пысықтап жатыр. Бұл қадам әлеуетті сын-қатерлерді (стратегиялық мәні бар инвестициялық жобалардың іркілісі және инвестиция тартуда туындауы мүмкін қиындықтар) ескере отырып іске асырылады, - делінген жауапта.
Үкімет басшысы Жоғары аудиторлық палата қордың қызметіне мемлекеттік аудит жүргізіп жатқанын еске салады.
- Оның қорытындысы үшінші тоқсанда Парламентте қаралады. Аудит нәтижесі бойынша қор қызметін әрі қарай жетілдіру бағытында қосымша қорытынды мен ұсынымдар әзірленеді, - деп жазады Олжас Бектенов.