Сенат төрағасы: кейбір төлемдерден түскен қаражат бақылаусыз қалып отыр

Қар. 21, 2025, 12:57 Т.Ж.

Квазимемлекеттік компаниялардың есепшотында елеулі қаржы түсімдері бар болғанына қарамастан, оларға бюджеттен қосымша қомақты сомалар бөлінеді. Ал, оларды тиімді пайдалану мәселесі көңіл көңшітпейді. Осы орайда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мұндай схеманың орындылығына күмән келтірді.

ҚР Парламенті Сенаты

Палата спикерінің айтуынша, бұл қаражатты Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірлердің қажеттіліктеріне және оларды дамытуға жұмсауға болар еді.

М. Әшімбаев атап өткендей, парафискалдық төлемдерді жинау және пайдалану тетіктері ашық емес. Тек «ҚазАвтоЖол» мен «Жасыл Даму» компанияларына ғана бюджеттен 730 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, қаражаттың жұмсалуы туралы есептілік әрдайым тұрақты және толық көлемде берілмейді. Бұл тиімсіз пайдалану қаупін туғызады және қоғамның сенімін төмендетеді.

«Бүгін цифрларда айтылғандай, екі толық емес жылда «ҚазАвтоЖол» компаниясының есепшотына 130 млрд теңге түсті. Сондай-ақ «Жасыл Даму» компаниясы жұмыс істейді. Өткен және аяқталмаған осы жылда оның есепшотына 600 млрд теңге түсті. Яғни, бұл жеткілікті үлкен резервтер. Міне, қазір біз өңірлер үшін қаражат іздеп жатырмыз, мысалы, инфрақұрылымға 1 млрд немесе 500 млн. Біз осы екі компанияға, басқалары туралы әзірге айтпай-ақ қоялық, бюджеттен қаражат бөлінуі жалғасып жатқанын көріп отырмыз. Атап айтқанда, 2026 жылға қаржы қаражаты бюджетте қосымша қарастырылған. Сәйкесінше, сұрақ туындайды: неге біз оларға қосымша қаражат қарастырамыз? Сондай-ақ бұл компаниялардың қаражатын бақылауға қатысты да мәселе бар. Ақша Бірыңғай қазынашылық шотты айналып өтіп жатыр. Демек, бұл қаражатқа парламенттік және қаржылық бақылау әлсіреген, бюджеттік рәсімдер орындалмайды. Яғни, тәртіп жоқ және осы қаражатты ұтымды пайдалану туралы сұрақ туындайды», – деді Сенат төрағасы палатаның жалпы отырысында.

Бұл тұрғыда М. Әшімбаев келесі жылы жұмыс барысында осы мәселелерді ескеруді, олар бойынша шешім қабылдауды ұсынды.

Теги: