Сенатор теміржолшылардың зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендетуді ұсынды

Қаз. 19, 2023, 10:24 Т.Қ.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Геннадий Шиповских өзінің депутаттық сауалында осындай ұсыныс айтты.

Оның сөзіне қарағанда, теміржол саласы қызметкерлерінің өмірін жақсарту саласында көптеген проблема бар.

Тиісті мемлекеттік орган теміржолшылардың негізгі мәселелерін, оның ішінде жалақының төмендігін, тұрғын үйдің жоқтығын және зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін әлі шешкен жоқ.

Көлік министрлігінің ақпараты бойынша ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының жалақысы Ақтөбеде 382 мың теңгені, Қызылордада 354 мың теңгені, ал ең төменгі санаттағы жол жөндеушінің жалақысы Абай және Павлодар облыстарында 280 мың теңгені құрайды. Бірақ та сенатор бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейтінін жеткізді.

«Өңірлердегі теміржолшылардан алған мәліметтерге сүйенетін болсақ, ең төменгі санаттағы «байланыс және белгі беру» мамандарының қолға алатын жалақысы Ақтөбеде жобамен 200 мың теңге, Қызылордада 180 мың теңге, дәл солай ең төменгі санаттағы «жол жөндеушінің» жалақысы Абай облысында 160 мың теңге, Павлодар облысында 205 мың теңгені құраған. Министрлік пен өңірлердегі теміржолшылардан алған ақпарат екі түрлі. Біз қайсысына сенеміз? Әрине, халықтың ақпаратына сенеміз», — деді Геннадий Шиповских.

Сенатор осы деректерді алға тарта отырып, теміржолшылардың мәселелерін толығымен шеше алатын бірқатар шешімдер ұсынды.

Қазір бұл салада 140 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Демек оның экономикалық әсері де үлкен болады.

«Біріншіден, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жылдық табысын, мемлекеттен берілетін субсидияны және инфляцияны ескере отырып, теміржол саласының қарапайым жұмысшыларының жалақысын көтеру керек. Екіншіден, теміржол саласындағы қарапайым жұмысшыларға корпоративтік келісім немесе басқаша тетіктерді қарастыра отырып, 55 немесе 57 жастан зейнетке шығаруды қамтамасыз ету маңызды. Үшіншіден, теміржол қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламасы әзірленуі керек, сондай-ақ бағдарламаның тетіктерін барлық өңірге енгізіп, жергілікті атқарушы органдармен нақты алгоритмі жасалуы тиіс», — деді депутат.9 ч.Показать перевод

Теги: