Шағын гранттар аясында ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарға арналған жобалар аяқталды
Алматы мен Шымкентте ерекше қажеттілігі бар балалар мен жастарды әлеуметтендіруге арналған жобалар аяқталды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша қолға алынған жобаларға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы шағын грант бөлді. Бастамаларды «Жас Жауынгер Алматы» және «Ерекше жол» қоғамдық қорлары іске асырды.
Алматыда «Жас Жауынгер Алматы» қоғамдық қоры дәстүрлі IV «Көңілді старттар – 2026» инклюзивті спорт мерекесін өткізді. Іс-шараға 200 бала мен жасөспірім қатысты. Олар спорттық эстафеталарға, бейімделген дене жаттығулары мен командалық сайыстарға қатысты.
Шымкентте «Ерекше жол» қоғамдық қоры мүгедектігі бар жасөспірімдер мен жастардың қоғамға бейімделуіне арналған жобаны ұйымдастырды. Оған 12 мен 25 жас аралығындағы 20 жасөспірім мен олардың 20 ата-анасы қатысты.
Жоба барысында шығармашылық шеберханалар мен топтық сабақтар өтті. Қатысушылар қарым-қатынас жасау, ортада еркін әрекет ету және командамен жұмыс істеу дағдыларын дамытты.
Ата-аналар үшін арнайы оқыту кездесулері мен психологиялық тренингтер өткізілді. Іс-шараларда балаларға қолдау көрсету, олардың күнделікті өмірде өз бетінше әрекет ету дағдыларын қалыптастыру және қызығушылықтарын қолдау секілді тақырыптар айтылды.