Шерзат Полат ісі: Судья отырысты Талдықорғаннан Алматыға көшіруден бас тартты
Талдықорғанда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Сот отырыс барысында айыпталушылардың бірінің мүддесін қорғаған адвокат Әбенов соттан істі Алматыға ауыстыруды сұрады. Оның айтуынша, отырыстарды қалалық тергеу изоляторында өткізу тиімдірек, өйткені бұл көптеген қатысушы үшін логистикалық тұрғыдан ыңғайлы.
Мұндай ұсынысты жәбірленуші тараптың адвокаты Шекеев те айтты. Ол Талдықорғанға жол ұзақ екенін алға тартып, егер процесс Алматыға ауыстырылмаса, онлайн қатысуға рұқсат сұрады.
Шерзаттың әжесі де ұзақ жолда қан қысымы көтерілетінін жеткізіп, судьядан сотты көшіруді өтінді.
Судья Ержан Жанұзақов оған сот процесіне қатысудан босату туралы өтініш жазуға болатынын айтты.
— Алты адвокат бар. Егер бір-екеуіңіз қатыса алмасаңыздар да, сотты жалғастыра береміз. Онлайн қатысуға мүмкіндік жоқ, өйткені трансляция жүріп жатыр. Онлайнда сіздердің дауыстарыңыз естілмей қалуы мүмкін немесе техникалық ақаулар туындауы ықтимал, — деді Ержан Жанұзақов.