Шерзат Полат соты: прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады
Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтті.
Сот отырысында прокурор 2024 жылы 3-ші қазаннан 4-іне қараған түні болған оқиғаның хронологиясын айтып, 9 сотталушы — Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Азамат Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқаққа қандай айып тағылғанын баяндады.
Мемлекеттік айыптаушының баяндамасына сәйкес оқиға хронологиясы келесідей болған:
2024 жылы 3 қазан сағат 23:22. Д.Әскентай масаң күйде бола тұра Талғар қаласы Менделеев көшесі, 13 мекенжайында орналасқан «Қамажай» дүкеніне кіріп, 3 бөтелке сыра және 4 дана темекі алып, өзінің танысы кәмелетке толмаған Әскербекке WhatsApp мессенджері арқылы төлем жасау үшін хабарласып, дүкен сөресінде жазылып тұрған нөмерге 1 мың теңге аударуды өтінген. Ал Әскербек өз кезегінде апасының есепшотынан 1 теңге аударып, электронды чекті Әскентайдың WhatsApp мессенджеріне жіберген. Содан кейін Әскентай сатушы Нұрымовқа электронды чекті көрсетіп, сонымен қоса қолма-қол 1 мың теңге берген. 530 теңге қалдық ақшасын алғаннан кейін Әскентай дүкеннен шығып кеткен.
Сағат 23:33. Дүкенге Шерзат Полат кіріп, өз телефонын қуаттағышқа қойып, сонда отырған.
Сағат 23:47. Әскентай дүкенге қайта кіріп, телефонын қуаттағышқа қоюды өтінген. Одан кейін далаға шығып сыра ішуін жалғастырған. Ш. Полат Әскентайдың іс-әрекетін мұқият бақылаған.
Сағат 23:52. Кәмелетке толмаған Полат өзінің әкесіне қатысты балағат сөздер айтты деген себеппен Әскентайды екі рет ұрған. Мән-жайды дүкен ішінен бақылап тұрған Нұрымов баласына ескерту жасап, дүкеннен су алып, қанды жууға көмектесіп, баласының әрекеті үшін кешірім сұраған және денсаулығына келген зақымды өтеп беретінін жеткізген. Алайда Әскентай бұл сөзге құлақ аспай өзінің танысы Н.Тоқтаубаевты дүкенге хабарласып шақырған.
Сағат 00:06. Талғар қаласында кафеде демалып отырған Н.Тоқтаубаев танысы Ысқақты алып, соның көлігімен «Қамажай» дүкенінің алдына келіп, Әскентайдан мән-жайды сұрастырған. Өз кезегінде Қ.Нұрымов Д.Әскентайдың адам шақырып жатқанын көріп, орын алған жағдайды шиеленістірмей шешу үшін туған інісі Ғайыпбаевты шақырған.
Ғайыпбаев дүкенге көлігімен жалғыз өзі келген. Әрі қарай дүкен алдында тұрған Әскентай мен Тоқтаубаев Ғайыпбаевқа өз наразылықтарын айтқан. Ғайыпбаев інісі Полат 16 жаста екенін, балалықпен көп нәрсе түсінбей Әскентайды ұрып жібергенін айтып, оның әрекеттері үшін өзі кешірім сұраған. Сонымен қатар мән-жайды толық білмей Әскентайдың өзін кінәлап, 1,5 мың теңге төлемей кеткенін айтқан. Тоқтаубаев Әскентайдың кінәсін түсініп, Ысқақтың басқаруындағы көлікпен Әскентаймен бірге кетіп қалған.
Жолда Әскентай 1 мың теңге төлем жасалғанын айтып, электронды чекті көрсеткен. Тоқтаубаев ақша төленгеніне көзі жетіп, «Қамажай» дүкеніне қайта келген. Әрі қарай Тоқтаубаев сатушы Нұрымовтан соңғы төлемдерді көрсетуді талап еткен. Нұрымов Светлана есебінен тек 1 мың теңге түскенін көрсеткен. Сол жерде Тоқтаубаев досы Әскентайдың төлемей кетті деген ақшасын, яғни 1,5 мың теңгені аударған. Осы уақытта Нұрымов дүкен алдында тұрған Әскентайдың әрекетіне ашуланып, оған кассада тұрған асхана пышағын алып ұмтылған. Алайда Полат әкесінің алдынан шығып, оны сабырға келтіріп, дүкенге қайта кіргізіп жіберген.
Осы уақытта Нұрбол Тоқтаубаев өзінің бауыры Азамат Тоқтаубаев және таныстары Абзал Шынасыл, Равиль Сәкиев, Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов кафеде отырғанын біліп, оларды аталған дүкенге шақырған. Өз кезегінде Белғожаев, Шынасыл, Сәкиев, Ілиясов және Тоқтаубаев алдын ала сөз байласып, пышақтарды дайындап, масаң күйде «Қамажай» дүкеніне Белғожаевтың басқаруындағы көлікпен бет алған. Олармен бірге қыздар Нұрбекова мен Жақсыгелді де болған. Шынасыл танысы Әшірбаевтың көлігімен олардың артынан жүріп отырған.
Сағат 00:34. Ш. Полат шақыртуымен оның достары «Қамажай» дүкенінің алдында жалдамалы көлікпен келген. Сол арада сыра сатып алу үшін Қалиахмет, Әбдірқадір және Мұратов дүкенге кірген.
Сағат 00:38. «Қамажай» дүкенінің алдында Белғожаев көлігімен Сәкиев, Ілиясов, А.Тоқтаубаев және қыздар Нұрбекова мен Жақсыгелді келген. Олардың артынан Шынасыл жеткен. Оны жеткізіп тастаған Әшірбаев оқиға орнынан кетіп қалған.
Осы уақытта дүкен алдында Ш. Полат, оның ағасы Н.Ғайыпбаев және достары тұрған. Екінші жақтан Н.Тоқтаубаев, Әскентай, Ысқақ тұрған. Ал Шерзаттың әкесі Нұрымов дүкенге кіріп-шығып жүрген. Дүкен ішінде Қалиахмет болған.
А.Шынасыл бірінші болып Шерзаттың кәмелетке толмаған досын ұрған. Төбелес басталғанын түсінген Ш. Полат жақтастары оқиға орнынан қашып кеткен.
Осы уақытта Нұрымов айқай-шуды естіп, кассадан пышақ алып, дүкен алдына шыққан. Сол сәтте Қалиахмет Нұрымовты қолынан ұстап алған. Ал Белғожаев дүкен есігін аяқпен теуіп, оны қайта кіргізіп жіберген. Дүкеннің солтүстік-батыс тұсындағы ағаш жанынан 16 калибрлі аңшылық мылтықты ұстаған тұлға Әскентай жақтастары тұрған жаққа атқан. Оқ адамдарға тимеген.
Сағат 00:42. Оқиға орнына Шерзаттың анасы Бишимбиева мен әжесі Кадирова жалдамалы көлікпен келген. Ал төбелес кезінде Шынасыл өзімен алдын ала алып келген ас пышағын пайдаланып, Полат пен Ғайыпбаевты өлтіруге бекінген. Ол кәмелетке толмаған Ш. Полаттың сол жақ жүрек тұсына ас пышағын сұғып алған.
Осы уақытта Сәкиев Ғайыпбаевқа бөтелке лақтырып (тимеген), кейін оған соққы жасаған. Қалиахмет те жәбірленушінің ағасын ұруға тырысқан. А.Тоқтаубаев пен Н.Ілиясов та оған бірнеше рет пышақ сілтеп, бірақ тигізе алмаған. Дүкен ішінен шығуға тырысқан Нұрымовты сотталушылардың бірі бөтелкемен бетінен ұрған.
Дүкенге қарай бара жатқан Шерзаттың әжесі Кадированы Шынасыл итеріп құлатқан. Содан кейін баласына қарай бара жатқан Бишимбиеваны Шынасыл мен Ілиясов қолынан ұстап, жібермей қойған.
Сол кездері Ғайыпбаев інісінің «Нұрқанат аға, маған бірдеңе сұғып алды» деген даусын естіп, оған барған және дене жарақатын көріп «Скорый» деп көмекке шақырған.
Сол кезде Бишибиева өзіне баласына барып, оны отырған жерінен құшақтаған. Белғожаев оған қарамастан Полатты басынан теуіп, бәкі пышағының сабымен бірнеше рет ұрған. Ілиясов жерде жатқан аңшылық мылтықты алып, оның сабымен Полатты ұрамын деп жасөспірімнің анасына соққы жасаған. Онымен шектелмей Әскентай, Белғожаев, Тоқтаубаев, Сәкиев, Ілиясов қол-аяқтарымен жерде жатқан Ғайыпбаев пен Полатты ұрып-соққан.
Сағат 01:02–01:04. Шынасыл Ғайыпбаевты өлтіру үшін оның жамбас тұсына пышақ сұғып алған. Сол сәтте Сәкиев Ғайыпбаевтың оң жақ жамбас тұсына екі рет пышақ сұққан. Бұл әрекеттердің салдарынан Ғайыпбаев есінен танып қалған. Мұны көрген Шынасыл мен Сәкиев оны өлтірдік деп ойлаған.
Төбелес кезінде Ғайыпбаевтың телефоны жерге түсіп қалған. Құны 220 мың теңге тұратын телефонды А.Тоқтаубаев жымқырып кеткен. Осы оқиғалардан кейін төбелеске қатысушылар оқиға орнынан көлікке мініп кетіп қалған. Ысқақ өз көлігімен олардың артынан еріп кеткен.
Ал Нұрымов өз көлігіне баласы мен інісін салып, оларды Талғар аудандық ауруханасына жеткізген.
4 қазан таңы. Ысқақ әлеуметтік желіден «Қамажай» дүкені маңында болған төбелестен Ш. Полат қайтыс болғанын білсе де, қылмыс туралы құзырлы органдарға хабарламаған.
Прокурор сотталушылардың әрқайсысына ҚР Қылмыстық кодекстің қай баптары бойынша айып тағылғанын атап өтті.
— Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі 1,4,7, 9,14-тармақтары (адам өлтіру), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу);
— Равиль Сәкиев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бап 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу), 99-бап 2-бөлігі 7,9-тармақтары (адам өлтіру);
— Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық).
— Кәмелетке толмаған Дидар Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша айып тағылып отыр.