Шымкентте студенттерді әлеуметтік желі арқылы алдаған күдіктілер ұсталды

Ақп. 27, 2026, 8:29 Т.Қ.

Шымкент қаласының полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мегаполистегі жоғары оқу орындарының бірінің студенттерін алдау схемасының жолын кесті.

ҚР ІІМ

Тергеу мәліметтері бойынша, 2025 жылдың қазан айынан бастап екі күдікті TikTok әлеуметтік желісі арқылы студенттердің парақшаларын анықтап, арнайы боттардың көмегімен олардың ұялы телефон нөмірлері мен жеке деректерін жинаған. Кейін оқу орнының портал жүйесі арқылы студенттердің үлгерім көрсеткіштерін тексеріп, кейбір студенттердің сынақтар бойынша жеткіліксіз балдары барын анықтаған.

— Күдіктілер студенттерге уақытша нөмірлер арқылы мессенджерде хабарласып, өздерін университет қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар сынақтан өту үшін бір балл жетіспейтінін, сол себептен академиялық қарыз немесе емтиханға жіберілмеу қаупі бар екенін айтып, «мәселені шешіп беруді» және бағаларды «түзетуді» ұсынған. Осы жалған қызмет үшін әр студенттен 70-80 мың теңге алып, хабарсыз кеткен, — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда күдіктілердің алты эпизодқа қатысы бар екені анықталды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Теги: