Қазір әлемдегі геосаяси ахуал күрделі күйде

Шілде 5, 2024, 1:26 Т.Ж.

Астанада ШЫҰ саммиті өтті.

men

Саясаттанушы Асхат Қасенғали ШЫҰ саммитінде көтерілген геосаяси мәселелерге тоқталды.

«Қазір әлемдегі геосаяси ахуал күрделі күйде. «Геосаяси ахуалға байланысты» деген сөзді де жиі еститініміз сондықтан. Қақтығыстар артты, әлем елдері мұздай қаруланып жатыр, милитаризм күшейді. Қарабақта Әзербайжан мен Армения арасында соңғы төрт жылда екі соғыс, ондаған қақтығыс болды. Украина жерін тартып алып, иемденуді қалайтын Ресейдің әрекеті анау. Газадағы қантөгіске тоғыз айдан асып, географиялық аумағы кеңейіп, оған Ливандағы топтар киліге бастады. Қызыл теңіздегі хуситтер мүлде бөлек тақырып. Сиырдың бүйрегіндей бөлшектеніп жатқан Сирия тағы бар. Африкада күнде төңкеріс, күнде ондаған мың адам босып жатыр», - деп жазды саясаттанушы өзінің Фейсбук парақшасында.

Сөзінше, жалпы әлемде 180-нен астам қақтығыс болып жатыр.

«Бүгінгі ШЫҰ саммитінде осындай геосаяси жанжалдарды шешуге қатысты ұсыныстар айтылды. ШЫҰ-ға кіретін елдердің әлемдік саясатта салмағы басым, әсіресе Үндістан мен Қытайдың. Сол себепті қандай да бір аймақтық қақтығыстарды реттеуге қабілетті деуге болады. Бұрын бұл ұйымға 5 ел мүше еді, қазір 10 елге жетті. Салмағы арта түсті. Қақтығыс демекші, бүгін Қытай мен Үндістан шекара дауын ШЫҰ аясында қарусыз шешуге келісті деген ақпарат шықты», - деп толықтырды ол.

Сарапшы Астанада өткен саммиттің бір мақсаты да әлемдегі тұрақтылықты күшейту екенін баса айтты.

Оған ұйымдағы елдердің ішінде ең мүдделісі Қазақстан десек те болады, деп жалғастырды Асхат Қасенғали.

«Қазақстан Орталық Азияда тұрақтылық болғанын қалайды. Орталық Азия елдерінің барлығы да соны қалайды. Әлемдегі ахуалдың күрделене түсуі біз сияқты елдерге оңайға соқпайды. Ол экономика, қауіпсіздік деген қиын тақырыптарға әсер етеді. Ал әлемнің түкпір-түкпірінде тұтанып жатқан қақтығыс оттарының күндердің бір күнінде сіз бен біз өмір сүретін Орталық Азия атты аймақты да шарпып кетуі ғажап емес. Тоқсаныншы жылдары Тәжікстанды бір мәрте өртеп кеткені бар. Ондайдың алдын алудың бір жолы, осындай ұйымдар арқылы күрделі тақырыптарды реттеуге тырысу, үніңді, көзқарасыңды білдіру. Кез келген ұйым ең алдымен ұсыныс айтып, позиция білдіру, ыңағайы келсе сол ұйымның ықпалын пайдалану алаңы. Қазақстан ШЫҰ аясында сол позициясын білдірді. Позиция қашанда белгілі – бейбітшілік, тыныш даму, қақтығыстарды халықаралық құқықтық талапқа сай реттеу», - деді саясаттанушы.

Теги: