ШҚО-да екі коммуналдық мекеме 7 мыңнан астам адамның құқығын бұзды
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында 7 мыңнан астам коммуналдық қызмет тұтынушысының құқығы қорғалды.
Прокуратураның тексерісі барысында аудандық әкімдікке қарасты «Молодежный» КМК және «Коммунальник» КМК жасасқан жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсету туралы шарттардың «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.
- Типтік келісімдерде міндетті шарттар көрсетілмеген, монополистердің халық алдындағы жауапкершілігі толық көлемде айқындалмаған, ал коммуналдық қызметтер үшін төлемді қайта есептеу тетіктері формалды сипатта болған. Аталған заңбұзушылықтар жалпы алғанда ауданның 7 мыңнан астам тұрғыны мен 231 кәсіпкерлік субъектісінің заңды мүдделеріне нұқсан келтірді, - деп хабарлады ШҚО прокуратурасынан.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша тұтынушылардың құқықтары толық көлемде қалпына келтіріліп, шарт талаптары өзгертілді.
Жол берілген құқық бұзушылықтар үшін «Молодежный» КМК және «Коммунальник» КМК-ға қатысты әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына жалпы соммасы 2 млн теңгеден астам айыппұл салынды.