ШҚО-да заңсыз еңбек еткен 18 шетелдік азамат анықталды
ШҚО полициясы көші-қон заңын бұзған шетелдіктерге шара қолданды.
Polisia.kz-тің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында көші-қон қызметі қызметкерлері уақытша және тұрақты тұратын шетелдік азаматтардың тіркеу мекенжайлары мен қабылдаушы тұлғалардың олардың келуі туралы хабарламаларының бар-жоғын тексеріп жатыр.
Өскемен қаласында жүргізілген рейд барысында бір күн ішінде Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз еңбек еткен 18 шетелдік анықталды.
10 наурызда мекенжайлардың бірінде тексеру кезінде полиция қызметкерлері уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген және уақытша тұруға рұқсаты жоқ көршілес мемлекет азаматтарын анықтады. Олардың кейбірі бұған дейін де осындай құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.
– Көші-қон заңнамасын қайталап бұзғаны үшін 7 шетелдік азамат Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларға ел аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылып, мемлекет пайдасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі, - дейді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.
ШҚО полиция департаментінің көші-қон қызметі Қазақстан Республикасының аумағында уақытша тұратын шетелдік азаматтарға уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек етуге тыйым салынатынын еске салады.