Сиыр мен қой сатып алатындарға 5 пайыздық несие беріледі
Елдегі ет бағытындағы ірі қара мен ұсақ малдың санын өсіру үшін 5 пайыздық несие беру басталады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында мәлім етті.
— Мал шаруашылығының ет бағыты бойынша асыл тұқымды ірі қара мен ұсақ мал сатып алуға жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылады. Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын «ұзақ мерзімді» несиелер ұсынылады. Қаржыландыруға деген қажеттілік — 50 млрд теңге. Бұдан бөлек 50 млрд теңге айналым қаражатын қаржыландыру бағдарламасы іске қосуға бағытталады. Оның да жылдық мөлшерлеме 5%-дан аспайды, — деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ, ол сүт өнімдерінің импортын азайту үшін Солтүстік Қазақстан облысныың тәжірибесін республика аумағына тарату көзделіп отырғанын айтты. Бұл тәжірибе бойынша «елочка», «карусель», «параллель» сияқты сауын технологиясы мен роботтандырылған жүйе енгізуге жылдық мөлшерлемесі 2,5% несие берілмек.