СҚО-да биыл 122 сотталғанның жазасы қатаңдатылды
Петропавлда пробация есебінде тұрған сотталған қашып кетпек болды.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталғанның бас бостандығы шектеліп, пробациялық есепке алынған. Жүріс-тұрысы электронды білезік арқылы бақылауда болған.
Ер адам жазасын өтеуден жалтармақ болды. Электрондық бақылау құралының сигналы жоғалғанын инспекторлар дер кезінде байқап, сотталғанның тұрғылықты жеріне аттанды. Нәтижесінде оны бүлінген білезікпен қаладан кетпекші болған жерінен ұстады.
Кейін белгілі болғандай, ер адам достарымен басқа қалаға бармақ болған.
— Бұған дейін де сотталған бірнеше рет тұрғылықты жерін белгіленбеген уақытта тастап, соттың талаптарын бұзған. Осыған байланысты пробация қызметінің қызметкерлері бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы материалды сотқа жолдады, — деді СҚО ҚАЖД мамандары.
Жалпы жыл басынан бері СҚО-да 122 сотталғанға әртүрлі құқық бұзушылықтар, соның ішінде электрондық бақылау құралдарын қасақана бүлдіргені үшін жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.