Таяу Шығыстағы соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясы халықаралық ахуал күрт нашарлаған өте қиын жағдайда өтіп жатқанына назар аударды.
– Қақтығыстан бейбіт халық зардап шегіп отыр. Қаншама жазықсыз адам, балалар қаза тапты. Мұндайға бей-жай қарау мүмкін емес. Қазақстан Газа тұрғындарына бір миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Қаржы БҰҰ құрылымы – UNRWA/БАПОР ұйымы арқылы жіберілді. Қақтығыс кезінде бұл ұйымның қызметкерлері өте көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жұмысын ерлікпен жалғастырып жатыр. Таяу Шығыстағы қақтығыс, шын мәнінде, жаһандық ауқымдағы ақпараттық-идеологиялық текетіресті әбден ширықтырып жіберді. Газа секторы төңірегінде болып жатқан оқиғалар әлемдік қоғамдастықты екіге жарды. Соғыс өрті барлық ел мен континентті шарпымай тұрғанда тоқтағаны жөн, – деді Президент.