Техникалық және кәсіптік білімнің болашағы: кадр даярлаудағы жаңа үрдістер

Там. 28, 2025, 5:40 Т.Қ.

Оқу үдерісіне жасанды интеллектті енгізу, инклюзивті білім беру бағдарламаларын әзірлеу және қызметтерді коммерцияландыру – осы тақырыптар елорда колледждерінің басшыларына арналған тамыз кеңесінде талқыланды.

NU

Шараны Nazarbayev University (NU) ұйымдастырды.

Кездесу Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында өтіп, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім қандай болуы тиіс деген сұрақ төңірегінде сарапшыларды бір арнаға тоғыстырды.

Көтерілген негізгі мәселелердің бірі – білім беру үдерісіне жасанды интеллектті енгізу болды. NU Жоғары білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры Дуйшон Шаматовтың айтуынша, жасанды интеллект қазірдің өзінде білім беру саласында кеңінен қолданылуда, сондықтан оның этикалық тұрғыда пайдаланылу қағидаларын әзірлеу қажет:

«Біз ЮНЕСКО ұсынымдарына сүйене отырып, жасанды интеллектті этикалық қолдану стандарттарын әзірлеп жатырмыз. Бұл қауіпсіздікке де қатысты, себебі жасанды интеллект жалған ақпаратты да тудыруы мүмкін», – деді сарапшы.

Колледждер заманауи технологияларды меңгеріп, шетелдік тәжірибені зерттеу арқылы жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын және алынған ақпаратты сыни тұрғыда бағалай білетін мамандар даярлауға қадам басуда.

«Біздің Техникалық колледж бұл бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Біз мамандарымызды шетелге, соның ішінде Қытайға да жібердік – технологияларды үйреніп, оқу бағдарламаларын әзірлеу үшін. Жалпы, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары бұл іске біртіндеп кірісіп жатыр. Колледж директорлары мен жалпы білім саласының жанашырлары қатысқан осындай пайдалы жиынды ұйымдастырғаны үшін NU-ге алғыс айтамыз», – деді Астана Техникалық колледжінің директоры, елорда колледждері директорлары кеңесінің төрағасы Абай Құрманқұлов.

Жиында педагогтердің цифрлық сауаттылығы, педагогикалық дизайн және командалық жұмыстың жаңа үлгілері де сөз болды. Басты спикер, «Talap» ұлттық акционерлік қоғамының бас жаттықтырушысы Самал Қойлыбаева трансформация жағдайында колледждерді тиімді басқару және қос дипломды бағдарламаларды дамыту мәселесіне баса назар аударды.

Талқыланған тағы бір маңызды тақырып – интернационалдандыру және инклюзивті білім беру. NU – дың халықаралық студенттер мен профессорлармен жұмыс жөніндегі сарапшысы Арай Саниязова студенттерді бейімдеу тәсілдері туралы айтып, университеттің интернационалдандыру және ерекше санаттағы білім алушыларды қолдау тәжірибесімен бөлісті.

Астана қаласының кәсіби-техникалық колледж директоры Римма Иманғазинова инклюзия тақырыбына ерекше көңіл бөлді. Себебі жаңа оқу жылында олар аутизм спектрінің бұзылыстары бар он студентті қабылдамақ.

«Өкінішке қарай, мұндай балалардың саны артып келеді. Біздің міндетіміз – олардың қоғамға бейімделуіне көмектесу. Біз арнайы білім беру бағдарламаларын әзірледік, инклюзивті оқыту бойынша тренингтен өттік. Қазір материалдық-техникалық базаны дайындап жатырмыз, сондықтан әріптестердің тәжірибесін білу біз үшін өте маңызды», — деді ол.

Астанада 32 колледж жұмыс істейді, оның ішінде сегізі – мемлекеттік. Бұл оқу орындары техникалық, медициналық, педагогикалық және басқа да бағыттар бойынша мамандар даярлайды. Негізгі басымдықтар – кадрларды сапалы даярлау, білім беру қызметтерін коммерцияландыру және халықаралық тәжірибелерді енгізу. Спикерлер семинарға колледж басшыларының жоғары белсенділігін атап өтіп, ұйымдастырушыларға іс-шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс білдірді.

Шараны Nazarbayev University Жоғары білім беру мектебі, Колледж директорлары кеңесінің қолдауымен, «Talap» КЕАҚ және серіктес қорлар ұйымдастырды.

Теги: