Тоқтарбек Таңатқанұлы Қытайдың үздік спортшысы тізіміне енді

Қаң. 11, 2024, 3:32 Т.Қ.

Қытайдың Мемлекеттік спорт және дене шынықтыру бас басқармасының кадрлар мекемесі Ханчжоуда өткен ХІХ Азия ойындары және IV Азия пара ойындарындағы үздік топтар мен ең үздік спортшылардың тізімін жариялады.

Мемлекеттік бас басқарманың қойған талаптарына сай Ханчжоуда өткен ХІХ Азия ойындары және IV Азия пара ойындарындағы 96 топ және 144 жеке азамат үздік спортшы тізіміне енді. 

Сол үздік жеке спортшылардың ішінде Шыңжаңнан екі спортшы таңдап алынған. Оның бірі қандасымыз, қытайлық боксшы  — Тоқтарбек Таңатқанұлы. 

Атап айтқанда, Шыңжаң өлкелік Дене шынықтыру мекемесі бокс спортын басқару орталығының спортшысы — Тоқтарбек Таңатқанұлы, сондай-ақ Шыңжаң өлкелік дене шынықтыру мекемесі дене шынықтыру №1 командасының спортшысы — Абдухалықжан Мүтәліп. 

Естеріңізге сала кетейік, Тоқтарбек Қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Алтай аймағы Алағақ қалашығына қарайтын Таралаң деген ауылда 1996 жылы 18 қарашада дүниеге келген.

Ол 2017 жылы қазан айында бокстан Қытай ұлттық құрамасына қабылданған. 

Токиода өткен Олимпиада ойындарына қатысқан қандасымыз «Қытайдың бокс королі» атағын 2017, 2019, 2020 және 2021 жылдары төрт рет жеңіп алған. 2023 жылы Ташкентте бокстан әлем чемпионатының «күміс» жүлдегері атанған, Ханчжоуда өткен ХІХ Азия ойындарында «алтын» медалды еншілеген болатын. 

Теги: