Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық Түркияға өтті

Қаз. 30, 2026, 10:36 Т.Қ.

Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымын институционалдық тұрғыдан дамытуға айрықша назар аударуға шақырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

– Соңғы жылдары Ұйым қызметінің аясы кеңейді, бұл құрылым 60 түрлі бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Дегенмен олардың кейбірі бір-бірін қайталайтыны жасырын емес. Сондықтан ортақ істе басымдық берілуге тиіс салаларды анықтап алуымыз керек. Жалпы, алдымызда тұрған міндеттер мен басымдықтарды айқындау қажет. Сонымен қатар Ұйымымыздың ең жоғары деңгейінде қол қойылған шарттардың ережелерін бұзуға болмайды деп санаймын. Сондай-ақ Ұйым жанындағы Тұрақты өкілдер кеңесін құру маңызды екенін тағы да айта кеткен жөн. Биыл мамыр айында Түркістанда өткен ең жоғары жиында мен Түркі мемлекеттері ұйымы әскери альянс емес, болашақта да болмауы керек деп айтқан едім. Бұл – Қазақстанның ұстанымы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында қазақта «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» деген мақал бар екенін еске салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет ету керектігін айтты. Сонда түбі бір түркі жұрты да өсіп-өркендей береді.

– Бүгінгі басқосу Ұйым жұмысына жаңа серпін беріп, ықпалдастығымызды нығайта түседі деп сенемін. Осы орайда, Әзербайжан мемлекеті Ұйымға былтырдан бері төрағалық етіп, оның абырой-беделінің артуына мол үлес қосқанын баса айтқым келеді. Мен Әзербайжан тарапына ризашылығымды білдіремін. Енді төрағалық ету міндеті Түркияға жүктеледі. Алдағы уақытта да Ұйым аясында тың бастамалар жүзеге асырылады деп сенемін. Сондай-ақ Кубанычбек Омуралиев мырзаға табанды қызметі үшін алғыс айтамын. Ал жаңа Бас хатшы Мирвохид Азимовқа сәттілік тілеймін. Алқалы жиынды жоғары дәрежеде өткізгені үшін Түркия Республикасының Президентіне тағы да ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ саммитте Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі.

Теги: