Түркия Республикасының 100 жылдығына орай Астана көшелерінің бірі «Анадолы» деп аталатын болды

Қыр. 11, 2023, 9:38 Т.Қ.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады.

Президент, ең алдымен, Хакан Фиданды Түркияның Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оның қазақ-түрік қатынастарын одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толатынын атап өтіп, бұл бауырлас мемлекет үшін тарихи белес екенін жеткізді.

«Бір ғасырдың ішінде Анадолы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салада орасан зор табысқа жетті. Аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге белсенді және табанды түрде атсалысып, әлемнің беделді мемлекетіне айналды. Мен Түркияның ғасырлық мерекесіне орай Астана көшелерінің бірін «Анадолы» деп атауды тапсырдым», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Түркия – біздің аса маңызды стратегиялық серіктесіміз екеніне назар аударып, екі ел басшыларының кездесуінде жоғары деңгейдегі көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Теги: