Ұлытау облысында балалардың пайдасына 91 млн теңгеден астам алимент өндірілді
Балалардың алиментке деген құқығын қамтамасыз ету - Ұлытау облысы прокуратурасының басым бағыттарының бірі.
Прокуратураның мәліметінше, ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Балалардың пайдасына 91 млн теңгеден астам алимент өндірілді. Орындаушылық іс жүргізу барысында заңбұзушылықтарға жол берген 6 жеке сот орындаушы түрлі жауапкершілікке тартылды.
- Алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмысы да белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 139-бабы (балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 22 қылмыстық іс қозғалып, тағы 34 борышкер әкімшілік жауапқа тартылған.
Мәселен, азамат С. екі жыл бойы жұмыспен қамту орталығы арқылы ұсынылған жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдаланбаған және алимент төлеуден жалтарған. Оның қарызы 5 млн теңгеден асқан. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, - деп жазды бақылаушы органнан.
Сонымен қатар 5 борышкердің автокөлігі айып тұрағына қойылып, 10 адамның жүргізуші куәліктерін пайдалану құқығы уақытша тоқтатылды.
Прокуратура борышкерлерді анықтауда стандарттан тыс тәсілдер де қолданған. Талдау барысында 22 борышкердің букмекерлік кеңселердің сайттарында тіркелгені белгілі болды. Олардың жалпы «ставкалары» 10,6 млн теңгені, ұтыстары 6,8 млн теңгені құраған. Бұл азаматтарға қатысты шектеу шаралары қабылданып, онлайн-платформаларда қайта тіркелу мүмкіндігіне тыйым салынды.
- Сондай-ақ прокурорлық тексеру сот орындаушыларының есептік құжаттарында бұрмалаушылықтарды анықтады. Олар жалпы қарызға 233 млн теңге көлеміндегі тоқтатылған орындаушылық өндірістерді заңсыз енгізген. Нәтижесінде статистикалық есеп түзетіліп, берешек өтелді, - делінген ақпаратта.
Ұлытау облысының прокуратурасы қабылданған кешенді шаралар мемлекет тарапынан балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қатаң әрі принципті ұстаным танытып отырғанын атап өтті. Жұмыс алименттік міндеттемелерден жалтару тәжірибесін толық жоюға дейін жалғасады.