Үлкен Алматы айналма жолын диагностикалау жұмыстары басталды: жол қауіпсіздігі басты назарда
«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) Қазақстандағы ірі инфрақұрылымдық және көлік жобаларының бірі – Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын (ҮАААЖ) кешенді диагностикалау жұмыстарына кірісті. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлім етті.
Бүгінде ҮАААЖ Алматы қаласы мен Алматы облысының көлік жүйесінде маңызды рөл атқарады. Автомобиль жолы қала көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға, транзиттік көлік қозғалысын жеделдетуге және өңірдің логистикалық тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жоба көлік ағындарын қайта бөлу арқылы елдің транзиттік әлеуетін дамытуға, көлік байланысын жақсартуға және экологиялық жағдайды оңалтуға оң әсерін тигізіп отыр.
Осыған байланысты жолдың техникалық жай-күйін жүйелі бақылау, оны пайдаланудың заманауи тәсілдерін енгізу және инфрақұрылымның ұзақ мерзімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету ерекше маңызға ие.
— Бірлескен жұмыстар аясында ҚазжолҒЗИ мамандары жол инфрақұрылымына кешенді диагностика жүргізуде. Зерттеулер барысында жол жамылғысының жай-күйі бағаланып, оның тегістігі, ілінісу коэффициенті мен кедір-бұдырлық параметрлері анықталады. Сондай-ақ, ақаулар мен бұзылулар анықталып, жол бойындағы көпірлер, жол өткелдері және басқа да жасанды құрылыстардың техникалық жағдайына тексеру жүргізіледі, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Сонымен қатар, жол жамылғысы мен жол конструкцияларының нақты техникалық жай-күйі туралы объективті деректер алуға мүмкіндік беретін аспаптық және зертханалық зерттеулер жүргізілуде. Кешенді диагностика нәтижелері бойынша ҚазжолҒЗИ мамандары ҮАААЖ одан әрі күтіп-ұстау, жөндеу және дамыту жөнінде ғылыми негізделген ұсынымдар әзірлейтін болады.
— Алынған нәтижелер автомобиль жолының ұзақ мерзімділігі мен пайдалану сенімділігін арттыруға, күтіп-ұстау тәсілдерін жетілдіруге, жол төсемесінің қалдық ресурсын бағалауға, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ жол инфрақұрылымын мониторингтеу, диагностикалау және цифрлық басқарудың заманауи әдістерін енгізуге негіз болады, — деп хабарлады Көлік министрлігінен.
Бұдан бөлек, ынтымақтастық аясында салмақтық-габариттік бақылау жүйесін жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. ҚазжолҒЗИ мамандары автоматтандырылған салмақтық-габариттік бақылау құралдарына қойылатын талаптарды белгілейтін ҚР ВН «Автокөлік құралдарының салмақтық және (немесе) габариттік параметрлерін автоматты түрде өлшеуге арналған арнайы автоматтандырылған өлшеу құралы» құжаты жобасының алғашқы редакциясын әзірледі. Аталған салада заманауи шешімдерді енгізу ауыр салмақты көлік құралдарының қозғалысын бақылау тиімділігін арттырып, жол инфрақұрылымының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта тараптар цифрлық мониторинг, зияткерлік көлік жүйелері, деректерді автоматтандырылған жинау және халықаралық стандарттар мен озық салалық тәжірибелерге сәйкес автомобиль жолдарын басқарудың инновациялық технологияларын енгізу бағыттарында ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.