Жалпы отырыс: Ерлан Қошанов депутаттық корпусқа алғысын айтты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов референдум нәтижесіне қатысты пікір айтты.
— Бүгінгі бас қосуымыздың орны бөлек. Ол — Мәжілістің жаңа Ата заң қабылданғаннан кейінгі бірінші жалпы отырысы. Кеше Конституцияның қабылдануына арналған салтанатты жиын өткенін білесіздер. Онда Мемлекет басшысы Ата заң ел дамуындағы жаңа дәуірге жол ашатынын атап өтті. Біз Қуатты, Әділетті және Прогрессивті Қазақстанды құру жолында батыл қадам жасадық. Референдум еліміздің Президент бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсетті. Жұртшылықтың осы тарихи іске белсене қатысып, жаңа Конституцияны 87% қолдап дауыс беруі — халықтың Мемлекет басшысына деген зор сенімінің айқын дәлелі. Ата заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новеллалар енгізген Президентіміздің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді, — деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда ол Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп жатқанын айтты. Бұл ретте, жаңа Халықтық Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны — Парламент үшін зор мерей.
— Бұған өңірлердегі кездесулер барысында да нақты көз жеткіздік. Депутаттар Коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты. Сол үшін бүкіл депутаттық корпусқа шынайы алғысымды білдіремін. Кеше біраз депутат тікелей Президент қолынан жоғары награда алды. Сондай-ақ, саяси партиялардың да қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Жауапты сәтте бәріміз бірге жұмылып, Мемлекет басшысына қолдау көрсете білдік, — деді Мәжіліс төрағасы.