Жамбылдағы жарылысқа жауапты 4 адам 23 млрд теңге өтемақы төлейді

Қыр. 11, 2024, 11:04 Т.Ж.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Қорғаныс министрлігінің төрт жауапкерден 25 093 038 236 теңге материалдық залалды мемлекет пайдасына өндіру туралы арызын қарады.

Бейнежазбадан

Еске сала кетейік, 2021 жылы 26 тамыз сағат 18:40 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қайнар жол торабында орналасқан Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасынан өрт шығып, оның соңы жарылысқа ұласқан еді.

Салдарынан 18 адам қаза тауып, 100 шақтысы жарақат алды. Бүкіл Қазақстанда аза тұту күні жарияланды.

Сондай-ақ мемлекет пен жеке тұлғаларға аса ірі мөлшерде залал келген.

Жауапкерлердің кінәсі Шымкент гарнизонының әскери сотының 2023 жылғы 20 қазандағы және Әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 наурыздағы заңды күшіне енген апелляциялық сот актілерімен дәлелденген.

Жауапкерлер әскери бөлімнің техникалық аумағында № 14 инженерлік оқ-дәрі сақтау қоймасында өрт шығуына жол бергені, яғни олардың іс-әрекетінен аса ірі мөлшерде шығын келгенін сот анықтаған.

Сондықтан келген материалдық залалды ортақтасқан түрде 23 764 530 881 теңге көлемінде мемлекет пайдасына өндіру жөнінде шешім қабылданды.

Талаптың 1 328 507 355 теңге өндіру туралы бөлігі дәлелдер болмауына байланысты қанағаттандырусыз қалдырылды.

Теги: