Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет — Премьер-министр

Сәуір 28, 2026, 6:12 Т.Қ.

Жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін шашыраңқы деректерді ретке келтіру қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

Фото: Үкімет

— Қазақстан инвесторлар мен ІТ-мамандар, соның ішінде шетелдік мамандар үшін де тартымды болуы керек. Сондай-ақ жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін шашыраңқы деректерді ретке келтіру, бизнеске мемлекеттік деректер қорының қолжетімді болуы және оларды пайдаланудың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелерін шешу қажет. Жасанды интеллект министрлігіне әдіснамалық базаны қалыптастыруды аяқтап, салалық «data-lake»-тер құруға басымдық беруді тапсырамын. Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу сапалы әрі цифрланған деректердің болуына тікелей байланысты. Бұған дейін барлық салада деректерді цифрландыру деңгейін арттыру туралы тапсырма берілген болатын. Сондықтан жұмысты жандандырып, деректер қорын тұрақты негізде толықтырып отыру қажет. Бұл — жасанды интеллектінің салалық үлгілерін дамытудың негізгі шарты, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы жасанды интеллект саласында мемлекеттік бастамалармен ғана шектеліп қалмау керек екенін атап өтті. Жеке сектор мен оның бастамаларын белсенді түрде тарту мақсатында экономикалық ынталандыру құралдарын әзірлеу қажет.

— Шешімдерді кеңінен тарату үшін бизнесте технологиялық икемділік, құзыреттілік және жылдам жүзеге асыру тәжірибесі бар. Біз қазірдің өзінде жеке компаниялардың осы бағытта жақсы нәтижелерін көріп отырмыз. Мұндай мысалдар экономиканың барлық саласында міндетті түрде кеңінен таратылуы керек. Қаржы институттары, ең алдымен, цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану деңгейі жоғары жобаларға қолдау көрсеткені жөн. Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің пилоттық бастамалар деңгейінде қалып қоймай, оны отандық экономиканың нақты драйверіне айналдыру үшін бізден жүйелі шешімдер күтеді. Жасанды интеллект жобаларының бірыңғай пулын қалыптастыру қажет. Бұл алдымыздағы мақсат-міндеттердің ауқымын айқындап, сапалы үйлестіруді қамтамасыз етеді және жобалардың қайталануын болдырмауға, ресурстарды тиімді жұмсауға ықпал етеді, — деді Премьер-министр.

Теги: