Жеке меншік мектептер дауы: 60 орындық мектепке 600 оқушының ақшасы бөлініп келген
Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жеке меншік мектептерді қаржыландыратын орталық Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің құзырына берілгенін айтты.
- Шынымен де жеке меншік мектептерді қаржыландыру мәселесі туындаған болатын. Өңірлерден шағым көп түсті. Үкімет Оқу-ағарту министрлігіне қарасты болған Қаржы орталығын Қаржы министрлігіне бағынышты етіп, жеке меншік мектептердегі қаржы бөлу процесін цифрландыру керек деген шешім қабылдады.
Бұған дейін өтінімнің бәрі қағаз нұсқада жиналды. Қаржы орталығы конкурс жариялап, жабық режимде өткізді. Бәрі қағаз нұсқада жүрген. Біз не істедік? 12 қарашада «Орта білім» деген жаңа жүйені енгіздік. Осы интернет ресурсқа кез келген адам кіріп, қанша өтінім түскенін, оның нешеуімен келісімшарт бекітіліп, қанша сома аударылғанын онлайн режимде көре алады, - деді ол.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, цифрландыру бірнеше деректер базасын біріктірген. Соның арқасында сыбайлас жемқорлыққа жол ашып келген факторлар жойылған.
- Бұрын бір оқушыны бірнеше мектепке тіркеп жіберуге мүмкін болса, жоқ оқушыны бар деп жазу мүмкін болса, цифрландыру мұндай тәуекелдерді жойды. Біз өтінімде көрсетілген оқушыны басқа деректер базасы арқылы қандай жеке мектепке тіркелгенін тексере аламыз. Мысалы, мектептің жобалық қуаты 60 оқушыға арналғанымен, іс жүзінде 600 оқушы бекітіп жіберген жағдайлар болды. Осының салдарынан 600 оқушыға ақша бөлініп келген. Цифрландыру қаржы үнемдеп, тәртіп орнатуға көмектесті, - деді ол.
Вице-министр бюджеттен тиісті ақшасын ала алмай келген жеке меншік мектептерге қаражат төлене бастағанын айтты.
- 15 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 847 мектеп цифрландырылған. 765 мектеп келісімшарт бекітті. Оның ішінде 693 мектеп қажетті қаржыны алған. Мереке алдында 46 млрд теңге төленген. Бүгін таңертең бұл сома 48 млрд теңге болды. Осының бәрі аталған сайттан өздеріңіз де көре аласыздар. Бұл процесс біраз уақыт алғанымен шығын үнемдеп, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға жақсы септігін тигізіп жатыр. 2026 жылы да осы тәсілмен, цифрландырылған жүйеде жұмыс істейміз, - деді Ержан Біржанов.