Журналист Асқар Жалдинов «5:32» сериалы бойынша сотта жеңіп шықты

Наурыз 2, 2023, 5:28 Т.Ж.

«Протоколдан тыс. Қазақстандағы атышулы қылмыстар құпиясы» кітабының авторы Асқар Жалдинов пен «5:32» сериалын түсірушілер арасында қозғалған іс бойынша сот шешімі шықты.

Талапкер белгілі веб-сериалға сценарий жазу кезінде оның кітабын пайдалану фактісін негізге ала отырып, көпшілік алдында тануға мәжбүрлеу және 15 000 АЕК мөлшерінде авторлық құқықты бұзғаны үшін өтемақы және 3 млн теңге моральдық зиянды өтеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

Сот жауапкерлердің веб-сериал сценарийі талап қоюшының кітабында көрсетілген оқиғаларға сүйеніп жазылғанын анықтады. Жауапкерлер бұл фактіні жоққа шығармай, талапкердің кітабы елімізде әртүрлі уақыт аралығында болған нақты қылмыстарға негізделгенін алға тартып, ҚР ҚК 974-бабының талаптарына сәйкес авторлық құқықтың бұзылуын мойындамады.

Сот тараптардың барлық уәждерін мұқият талдап, куәларды тыңдады. Нәтижесінде сараптамалық қорытындыларды зерделеп, шешімге келді.

Талапкер бұл кітапты жазу кезінде ІІМ мен республика соттарының мұрағаттарын, қылмыстық істер материалдарын зерделеу бойынша белгілі бір жұмыс жүргізген.

Сондай-ақ қылмыстарды ашуға тікелей қатысқан бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің естеліктерін авторлық интерпретацияны қолдана отырып пайдаланған. Аталған әрекеттерді ескере отырып, сот кітап – шығармашылық жұмыстың нәтижесі деген қорытындыға келді.

Сот отырысында талапкер ҚР АПК 72-бабына сәйкес жауапкерлердің өзіне тиесілі құқықтарды заңсыз пайдалану фактісін жеткілікті дәрежеде дәлелдеді. Ал жауапкерлер авторлық құқық объектісіне қатысты жасаған әрекеттерінің заң талаптарына сәйкес келетіндігін және автордың құқығын бұзбағандығын дәлелдей алмады.

Авторлық құқық объектісі болып саналатын талапкердің кітабын жауапкерлер жазбаша сценарий түрінде автордың келісімінсіз пайдаланғандықтан, сәйкесінше талапкердің жауапкерлерге авторлық құқықтың бұзылғаны үшін өтемақы өндіру туралы талаптарын сот негізді деп санап, қанағаттандыруға жатады деп таныды.

Сондай-ақ жауапкерлерге кітапты пайдалану фактісін аталған сериалдың кредиттерінде қосып, көпшілік алдында мойындауға міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Теги: