Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнаулы әлеуметтік төлем төлене бастайды

Қаң. 2, 2024, 12:33 Т.Қ.

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленеді.

Айта кетейік, өткен жылдың 21 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы Заңға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем енгізіліп отыр.

«Заңда көп өзгерістер енгізіледі. Біріншіден, арнайы әлеуметтік төлем көп жылдар бойы жұмыс істеген, 55 жасқа толған және 7 жыл бойы өздеріне жиынтық жарналар аударған азаматтарға төленеді. Арнайы әлеуметтік төлем төрт қаражат көзінен: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан; жұмыс берушілердің қаражатынан, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленеді», — деген еді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

Төлемдердің орташа мөлшері 208 мыңға жетеді және 63 жасқа дейін төленеді. Әрбір жұмыскер үшін төлем мөлшері БЖЗҚ-дағы жинақтарына байланысты болады.

Арнайы әлеуметтік төлемдерді алу үшін еңбек жағдайлары зиянды жұмыстан – демалысқа немесе жеңілірек жұмысқа ауысуы керек. 2024 жылы арнайы әлеуметтік төлемге 37 мыңнан астам жұмыскер, 2030 жылы – 58 мыңнан астам, 2035 жылы – 95 мыңнан астам жұмыскер үміткер бола алады.

Теги: