1 млн азамат жасанды интеллект негіздеріне оқытылады

20 Қазан 2025

5 жыл ішінде 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарлануда. Еліміздің 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Анадолы
Анадолы

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы берген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет экономиканың тұрақты дамуы үшін негіз қалыптастыратын цифрлық технологияларды енгізу бойынша қарқынды жұмыс істеліп жатыр.

Оны Премьер-министрдің басшылығымен арнайы құрылған Цифрлық штаб үйлестіреді. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, IT-индустрия, жасанды интеллект, өңірлерді интернет байланыспен қамтамасыз ету және тағы да басқа салаларда тұрақты прогресс байқалады.

Жасанды интеллект: стратегиядан жүзеге асыруға дейін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет жасанды интеллект экожүйесін дамыту бойынша ауқымды жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте тиісті заңнамалық базаны құруға көңіл бөлінеді. Сенатта технологияларды қауіпсіз және тиімді дамытудың құқықтық негіздерін қалыптастыруға бағытталған «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы қаралып жатыр.

Биылғы қазан айында маңызды оқиға — идеялар мен инновациялар фабрикасы болуға арналған халықаралық Alem.AI ЖИ орталығының ашылуы болды. Мұнда әртүрлі халықаралық компаниялар ұсынылады. Alem.AI ғылыми зерттеулер, стартаптар және ЖИ саласындағы халықаралық ынтымақтастық үшін негізгі платформа болуға тиіс. Орталықтың қызметі цифрландыру саласындағы қазақстандық шешімдердің экспортын кеңейтуді қамтамасыз етеді, бұл технологиялық және экономикалық өсуге серпін береді. Келешекте Қазақстан Орталық Азияның зияткерлік хабына айналуы тиіс.

Сонымен қатар 5 жыл ішінде 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарланып отыр. Еліміздің 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді.

Ұлттық суперкомпьютер және ЖИ платформасы

Қазақстанда биыл Ұлттық суперкомпьютерлік орталық — Alem.cloud іске қосылды. Оның мүмкіндіктері мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, жоғары оқу орындары, бизнес және стартаптар үшін қолжетімді.

Суперкомпьютер мемлекеттік қызметтерде қолданылатын қолданбалы ЖИ-модельдерін, соның ішінде үлкен тілдік модельдерді оқыту, ЖИ агенттерін әзірлеу, деректерді талдау, мазмұнды құру және модельдеу міндеттерін тестілеу үшін қолданылады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-министр жетекшілік ететін Цифрлық штаб құрылды. 200-ден астам компоненттер бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың кешенді жоспары бекітілді, бұл еңбек шығындарын қысқартуға, қайталануды жоюға және мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Деректерді қорғау үшін барлық мемлекеттік органның Aitu қазақстандық мессенджеріне көшуі жүзеге асырылып жатыр. Азаматтарға eGov, eOtinish, Aitu және тағы да басқа қызметтерге тіпті ұялы байланыстың нөлдік теңгерімінде де тегін қол жеткізу қамтамасыз етілген.

IT секторының өсуі және стартаптарды қолдау

Отандық компаниялар ұсынған IT-қызметтердің көлемі 2021 жылы 646 млрд теңгеден 2024 жылы 1,74 трлн теңгеге дейін өсті. IT қызметтерінің экспорты 2021 жылы $60,07 млн-нан 2024 жылы $690,7 млн-ға дейін өсті. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш $515,5 млн болды.

Astana Hub алаңында стартаптар мен IT-компанияларды қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру жалғасуда. Бүгінгі таңда Astana Hub экожүйесі 1832 компанияны біріктірді, оның ішінде 465-і шетелдік компания. Қатысушылардың табысы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 368,3 млрд теңге болды.

Қазақстан InDrive, Netcracker, Playrix, Telegram және тағы да басқа технологиялық алпауыттармен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді.

Мемлекеттік қызметтердің онлайн-форматы

Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы онлайн режимінде қол жетімді, ал 1 448 қызметтің басым көпшілігін интернет арқылы алуға болады.

Қызметтердің 90,6%-ы смартфоннан қол жетімді, бұл үдерісті азаматтар үшін мүмкіндігінше ыңғайлы етеді. Қағаз аналогтарын толығымен алмастыратын цифрлық құжаттардың 39 түрі енгізілді.

Тегтер: