15 млрд теңгенің жобасы: Жамбылда 4 ауылға су берілді, тағы 8 нысан аяқталуға жақын

11 Желтоқсан 2025

Жамбыл облысының ауылдарын сумен жабдықтауға қайтарылған активтер қаражаты есебінен 15 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Үкімет
Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Жамбыл облысында сумен жабдықтаудың 12 жобасын жүзеге асыру Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қаржыландырылады.

— Үкімет бұл мақсаттарға 15,4 млрд теңге бөлді. Бүгінгі таңда 4 нысан пайдалануға берілді, қалған 8 нысандағы құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Мәселен, қазірдің өзінде төрт елді мекеннің тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында Қызылшарық, Жаңаөткел және Жұма ауылдарында жұмыстар аяқталды. 300-ден астам адам тұратын Талас ауданы Қараой ауылында су құбыры іске қосылды. Бұрын ол жерде орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған. Жобаның жалпы құны 933,4 млн теңгені құрады, оның 106,7 млн теңгесі тікелей Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Осы жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған 8 нысанда жұмыс жалғасады. Бұл облыстың шалғай аудандарындағы жобалар. Мәселен, Мойынқұм ауданында Шығанақ, Мыңарал және Құмөзек стансаларында, сондай-ақ Мойынқұм, Биназар және Бірлік ауылдарында желілер реконструкцияланып жатыр, — делінген хабарламада.

Сарысу ауданында су құбырын реконструкциялау Жайылма және Маятас ауылдарын қамтиды, ал Қордай ауданында Қарасай батыр ауылында желілер құрылысы жүріп жатыр. Өңірде сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жүйелі негізде жүргізіледі.

Президент тапсырмасына сәйкес облыста халықты 100% ауыз сумен қамту міндеті жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңір қалаларында қамтамасыз ету — 98%-ды, ауылдық елді мекендерде — 99,3%-ды құрайды. Жамбыл облысында барлығы 23 сумен жабдықтау жобасы жүзеге асырылып жатыр, оның 13-і пайдалануға берілді.

Айта кетейік, осыған ұқсас жұмыс барлық Қазақстан бойынша жүргізіледі. Еліміздің елді мекендерін толық қамту үшін биыл республикалық бюджеттен 257 жобаны жүзеге асыруға 105,7 млрд теңге бөлінді. Сумен жабдықтау саласындағы тағы 229 жобаны жүзеге асыруға Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен қосымша 135,8 млрд теңге бөлінді.

Тегтер: