17 күдікті, қару, есірткі, ұрланған жанармай: Қарағандыда дизель мафиясы құрықталды
Қарағанды облысында құқық қорғау органдары дизель отынын теміржолдың жылжымалы құрамынан жүйелі түрде ұрлап келген қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Арнайы операцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҰҚК облыстық департаменті және көліктегі полиция департаментінің Қарағанды — Сұрыптау желілік полиция бөлімімен бірлесіп, Қарағанды облысы көлік прокуратурысының қолдауымен жүргізді.
— Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде дизель ұрлығына қатысты 28 дерек анықталды. 17 күдікті қолға түсіп, олардың заңсыз әрекеттеріне қатыстылығы тексеріліп жатыр. Тінту барысында, шамамен 500 келі дизель отыны, жанармай тасымалдауға арналған бос канистрлер, 2017 жылы Ресей ІІМ-де жоғалған ретінде тіркелген атыс қаруы, 26 оқ-дәрі, 7 телефон және есірткі заттары тәркіленді, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
ІІМ атап өткендей, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.