2026 жылы Алматы әуежайының аумағына автобустар кіретін болады
Алматы әуежайының аумағында автобус аялдамасы болады.
Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаровтың айтуынша, әуежай автотұрағында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан онда әзірге автобус кіре алмайды.
— Әуежайдың өзінде үлкен жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа терминал ашылды, қазір ішкі терминал жөнделуде. Сонымен қатар автотұрақ аймағы, кіру-шығу жолдары, кіреберіс аумағы қайта құрылып жатыр. Бұл жұмыстарға байланысты қоғамдық көліктің әуежай аумағына кіруі қиындады. Аялдама уақытша Майлин көшесіне орналастырылды, — деді ол.
Бақытжан Ақжаров барлық жұмыстар аяқталған соң, аялдама 2026 жылы қайтадан әуежай аумағына қайтарылатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы халықаралық әуежайын басқарушы TAV Airports компаниясы әуе айлағын 2050 жылға дейін дамытудың бас жоспарын таныстырды.