2026 жылы балық бағасы 10-12 пайыз түседі — АШМ
Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында келесі жылы әлеуметтік маңызы бар балық өнімдерінің бағасы 10-12 пайыз түсетінін айтты.
— Осы уақытқа дейін әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде балық өнімдері болған жоқ. Енді еніп жатыр. Негізгі бес түрін ғана белгілеп отырмыз. Күнделікті халық тұтынатын, кеңінен таралған тұқы тұқымдастарына жататын қаракөз, табан, жайын, ақмарқа, дөңмаңдай сияқты балықтар қолжетімді болу керек деп отырмыз. Қалған балықтарды айтсақ, бекіре, албырт тұқымдас балықтарды әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізу дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені өзіндік құны өте қымбат, — деді ол.
Комитет басшысы мемлекет кейінгі жылдары балық өсірем деушілерге көп көмек көрсеткенін, енді соның өтеуін халық көретін кез келгенін айтады.
— Тұқы балықтардың өндірісі биыл 20 мың тонна болса, келесі жылы 30 мың тоннаға жету керек. Осылайша жаңағы әлеуметтік тізімдегі балық бағасы түседі. Балық өсірушілер саны көбеюіне байланысты баға 10-12 пайызға дейін түседі деген болжамдарымыз бар. Аквашаруашылық туралы заң қабылданған 4 айдың ішінде балық өсірушілер саны бірден көбейді. Енді олардың өнімі келесі жылы нарыққа шығады. Бағаның өзгеруі осы кезге сәйкес келеді, — деді Серік Сермағамбетов.