2029 жылға қарай сауданың заманауи форматының үлесі 70%-ға жетеді

12 Қыркүйек 2025

Ішкі сауданы дамыту шараларын іске асыру аясында сауда саласындағы 400-ден астам кәсіпкер мемлекеттік қолдау алды. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі сауда инфрақұрылымын жаңғырту, шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Сауда және интеграция министрлігі
Сауда және интеграция министрлігі

Ағымдағы жылдың басынан бері субсидиялау аясында жалпы кредит сомасы 57,5 млрд теңгені құрайтын 418 жобаға қол қойылды. Төленген субсидиялардың жалпы сомасы 2 788 млн теңгені құрады. Сонымен қатар, кепілдендіру құралы бойынша кредит сомасы 8 млрд теңгені құрайтын 103 кепілдік беріліп, мемлекет тарапынан кепілдіктердің көлемі 3,6 млрд теңгені құрады. Аймақтардағы сауда инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Шығыс Қазақстан облысында қазіргіуақытта мемлекеттік қолдау аясында ішкі сауда саласында шамамен 7 млрд теңге болатын 21 жоба жүзеге асырылып отыр.

— Базарларды жаңғыртудың Жол картасы аясында 2025 жылы Өскемен қаласында «Заря», «Заречный» және «Орталық» атты үш базарды жаңарту аяқталады. Оның ішінде «Заря» мен «Заречный» базарлары Сауда және интеграция министрлігінен мемлекеттік қолдау алды. Аймаққа жұмыс сапары барысында Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, сауда нысандарын аралап, сауда алаңдарын жаңғыртудағы оң динамикасын атап өтті, — делінген хабарламада.

2002 жылы пайдалануға берілген «Заря» — азық-түлік тауарлары басым универсалды бөлшек сауда базары болыып табылады. 2024 жылы мұнда орталық коммуникацияларға қосылған екі жаңа бір қабатты павильон салынды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында базар дамып жатыр: 2025 жылы автотұрақ аймағы абаттандырылып, тағы екі павильонның құрылысы жүргізілуде. Нысан осы жылдың соңына дейін толық жаңғыртудан өтеді деп жоспарланған.

1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Заречный» базары да ауқымды жаңғыртудан өтіп жатыр. Оның аумағында 5 жабық ғимарат және бірнеше сауда қатары орналасқан. Өткен жылдан бастап стационарлық сауда нысанының құрылысы жүргізілуде, оны 2025 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланған. Инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Нысан өз автотұрағымен қамтамасыз етілген. 2000 жылы пайдалануға берілген Орталық базар екі негізгі стационарлық ғимараттан тұрады, онда азық-түлік те, азық-түліктен тыс тауарлар да сатылады. Сонымен қатар аумағында павильондар мен сауда қатарлары орналасқан. Базарларды жаңғыртудың Жол картасы аясында бұл нысанда да жұмыстар жүргізілуде.

— Сауда базарларын толық жаңғырту — Үкіметтің басым міндеттерінің бірі. Бұл — заң мен тәртіп жолы. Сауда министрлігі қажетті нормативтік-құқықтық базаны толық әзірледі. Енді сауда нысандары өз қызметін заң талаптарына сәйкестендіруі тиіс. Ең алдымен, бұл — бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Келесі жылдың басынан бастап жаңғыртудан өтпеген базарлар жұмысын жалғастыра алмайды, — деді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев.

ҚР Сауда министрлігі 2029 жылға қарай сауданың заманауи форматтарының үлесін 70%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 41%-ды құрайды. Сауда базарлары да заманауи стандарттарға көшуі тиіс, яғни өрт қауіпсіздігі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес болуы, төлемкарталары арқылы салық түсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуі, сондай-ақ тұтынушыларға ыңғайлы автотұрақ аймақтарымен жабдықталуы қажет.

Тегтер: