2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халықтың 50 пайызы тұрады

20 Ақпан 2024

Бұл туралы Сенатта демографиялық өсу тақырыбына арналған Үкімет сағатында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты.

2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халықтың 50 пайызы тұрады

«Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістер туу деңгейі мен өмір сүру ұзақтығының өсуіне ықпал етті. Ана мен баланы қолдаудың біртұтас әлеуметтік жүйесі де өз жемісін берді. Яғни, балабақшамен қамтамасыз ету, жұмыс істейтін аналарға қарастырылған жеңілдіктер, сондай-ақ бала дүниеге келгеннен бастап кәмелетке толғанға дейін берілетін мемлекеттік төлемақылар елімізде көпбалалы отбасылар санының өсуіне алып келді. Мәселен, жыл сайын мемлекеттік бюджеттен жәрдемақы алатын балалардың саны артып келеді», — деді Т.Дүйсенова.

Оның айтуынша, былтыр отбасыларды қолдауға мемлекет бюджетінен 1 трлн теңге қаражат жұмсалды.

«Жүргізілген реформалар мен атқарылған шаралардың нәтижесінде Қазақстан халқының саны 20 млн-ға жетті. Халқымыздың 30 пайызы балалаh, 58 пайызы жұмыс жасындағы азаматтар, ал 11 пайызы – қарттар. Бұл өз кезегінде өте жақсы көрсеткіш екенін атап өткен жөн», — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, биыл ауылдарда алғашқы көмек жасайтын 655 медициналық ұйым құрылады.

«Білім сапасын көтеру мақсатында бұл салаға қарастырылған қаражат былтыр 5,5 трлн теңгеге жетіп, жалпы ішкі өнімнің 4,6 пайызына тең болды. Саланың инфрақұрылымын кеңейту және заманауи білім ошақтарының жүйесін қалыптастыру мақсатында Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыруды бастады. Биыл және келер жылы 369 мектепті тапсырамыз», — деді Т.Дүйсенова.

Премьер-Министрдің орынбасары демографиялық саясатқа қатысты тиісті стратегияны әзірлеу керек екенін айтты.

«Оңтүстік өңірлерде халық тығыз орналасса, ал солтүстікте тұрғындар саны аз. Сарапшылардың есептеуіне сүйенсек, 2050 жылға қарай оңтүстік өңірлерде халықтың 50 пайызы тұрады. Ал солтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш төмен. Сондықтан демографиялық саясатты басқарудың орта және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегиясын әзірлеу уақыты жеткен сияқты. Бүгінгі талқылаудан кейін осы мәселені қарастыруға қатысты ұсыныс жасау керек болады», — деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет сағатында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ауылдарда адам санын сақтап қалу стратегиялық мақсат екенін атап өтті. 

Тегтер: