Аграрлық ғылым мен инновацияға бөлінетін қаржы көбейіп келеді

3 Қыркүйек 2025

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын және Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстанда аграрлық ғылымды дамытуға бағытталған жаңа тетіктер іске асырылуда, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Мәжіліс
Мәжіліс

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы (ҰАТО) базасында білім, ғылым және бизнесті біріктіретін вертикалды интеграцияланған агротехнологиялық хаб құрылуда. Оның құрамына қазіргі таңда 33 ұйым — университеттер, ғылыми-зерттеу институттары және тәжірибелік шаруашылықтар кіреді.

Ғылыми салаға қаржылық қолдау жүйелі түрде көрсетілуде. 2025 жылы ҰАТО-ны негізгі қаржыландыру көлемі 2,6 млрд теңгеге артты. 2024–2026 жылдары бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға жыл сайын 9,6 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу, ветеринария және органикалық егіншілік сияқты агроөнеркәсіп кешенінің барлық негізгі бағыттарын қамтитын ұзақ мерзімді ғылыми-техникалық бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, заманауи зертханалар құруға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша көңіл бөлінуде. 2024 жылдан бастап Қазақстанда Қытаймен бірлескен биологиялық қауіпсіздік зертханасы және дән сапасын анықтайтын зертхана жұмыс істей бастады.

2025 жылғы маусымда органикалық өнімдерді сертификаттау орталығы және халықаралық стандарттарға сай тамақ қауіпсіздігі зертханасы ашылды. Бұл орталықтар пестицид қалдықтары, микотоксиндер, ауыр металдар мен антибиотиктерді талдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, «жасыл» өндіріс стандарттарын енгізуге жол ашады.

Тегтер: