АХҚО қысқа мерзім ішінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді

5 Қыркүйек 2024

Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес отырысын өткізді. 

Ақорда
Ақорда

Жиын басталғанға дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы орталығының экожүйесін дамытуға зор үлес қосқан қатысушылар қызметімен танысты.

Freedom Finance Global, China Construction Bank Corporation Астана филиалы, Fix Price Group, Grata International және Binance Kazakhstan Technologies компанияларының басшылары өз қызметтерінің нәтижелерін баяндап, инвестициялық жобалар, даму жоспарлары туралы мәлімет берді.

Отырысты ашқан Мемлекет басшысы жаһандық капитал нарығындағы қарқынды өзгерістер, жаңа халықаралық сауда-экономикалық байланыстардың қалыптасуы, сондай-ақ елдер арасындағы интеграциялық процестердің нығаюы, қаржы ағынын қайта бөлу жайында айтты.

Президенттің пікірінше, қазіргі сын-қатерлер мен өзгерістер Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Осы орайда Мемлекет басшысы елдің орнықты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз етудегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының маңызды рөліне тоқталды.

— Салыстырмалы түрде алсақ, қысқа мерзім ішінде АХҚО айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Инвестиция тарту үшін өте ыңғайлы жағдай жасалды. Оның аймақта баламасы жоқ. Инвесторларымызға қолайлы салық, виза және еңбек режимі ұсынылды. Әр инвесторды жеке және кешенді қолдау қағидалары енгізілді. Әділ әрі бейтарап сот жүйесі құрылды. Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғынына қолжетімді болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы АХҚО алдында аймақтағы табысты қаржылық хаб ретіндегі мәртебесін нығайту міндеті тұрғанына назар аударды. Сондай-ақ бірқатар өзекті мәселеге тоқталды.

Атап айтқанда, Президент ел экономикасына одан әрі инвестиция тартудың маңызын және инвестициялық экожүйені жақсарту қажет екенін атап өтті.



Тегтер: