Aitu, eGov, eOtinish: енді азаматтар интернет балансы болмаса да қызмет ала алады
Цифрлық штабтың шешіміне сәйкес азаматтарға баланс нөл немесе теріс болған жағдайда да eGov, Aitu және eOtinish қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Цифрлық штабта Мемлекет басшысының цифрландыру саласындағы алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында бірқатар шешім қабылданды.
Цифрлық штаб шешімімен:
● биылғы 15 қыркүйектен бастап Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтері мен ақпараттық жүйелеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін нөлдік тарифтеуді қолдануды іске қосу;
● осы жылдың 20 қыркүйегіне дейін Smart Bridge платформасында коммерциялық IT-шешімдерді қызметтермен кедергісіз интеграциялау мүмкіндігін қамтамасыз ету;
● Qaztech платформасында ІТ шешімдерінің шекті құны бойынша қойылатын талаптарды қоспағанда, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін тиісті құқықтық актілерге өзгерістер енгізу;
● жыл соңына дейін жасанды интеллект арқылы мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды қамтамасыз ету.
— Aitu, eGov, eGov Business, eOtinish қызметтері мен ақпараттық жүйелері үшін нөлдік тарифтеуді пайдалану азаматтардың мобилді шотындағы баланс нөл немесе теріс болған жағдайда мемлекеттік ресурстарға кепілдік беретін қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Мұндай қадам Халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді және digital by default форматына көшудің маңызды кезеңіне айналады, — деп атап өтті ведомство.
Бірқатар шет елдерде осыған ұқсас тетіктер қазірдің өзінде бар. Эстонияда X-Road және e-Services платформаларына тегін қолжетімділік қамтамасыз етілген, Сингапурда телекоммуникация операторлары SingPass, Gov.sg, MyInfo қызметтеріне нөлдік трафик ұсынады.
Smart Bridge қоса алғанда, жеке ІТ шешімдерін мемлекеттік қызметтермен интеграциялау инновацияларды енгізу және дербес деректерді қорғау жөніндегі барлық талапты сақтай отырып, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бүгінгі таңда платформа арқылы 14,6 мыңнан астам өтінім берілді. Ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін Qaztech платформасында IT-шешімдердің құны және автоматтандырылған функцияларының саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Бұрын бір өнімді әзірлеу 15 мың айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек болатын, мерзімі 6 аймен шектелді, автоматтандырылған функциялардың саны небары 3-еу ғана еді. Енді жаңа тәсіл кедергілерді жояды, уқымды және кешенді шешімдерді жедел әзірлеуге мүмкіндік береді, отандық цифрлық технологиялардың қолдану аясын кеңейту үшін жағдай жасайды.
Айта кетейік, қазір 1 408 мемлекеттік қызметтің 368-і толық автоматтандырылған, тағы 984-ін одан әрі цифрландыра түсуге болады, ал 56 қызмет проактивті форматқа көшірілген. Жасанды интеллектіні қолдана отырып, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі шешім проактивті форматты қолдану арқылы оларды көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.