AI+X: Қазақстанда мамандар даярлаудың жаңа моделі сынақтан өткізіліп жатыр
Бүгін MNU-да аталған бағдарламаның ресми ашылу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын нақты салалардағы кәсіби біліммен ұштастыратын мамандар даярлаудың жаңа моделі сынақтан өткізіліп жатыр. Осы тәсілдің алғашқы мысалдарының бірі – Maqsut Narikbayev University (MNU) іске қосқан Artificial Intelligence and Frontier Systems: AI+X білім беру бағдарламасы.
Іс-шараға ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, MNU Басқарма төрағасы Талғат Нарикбаев, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар білім беру бағдарламасымен танысып, университеттің жасанды интеллект саласындағы әзірлемелері ұсынылған AI Agentic Lab зертханасына барды.
AI+X моделі екі компоненттің үйлесімін білдіреді: AI – жасанды интеллект және X – нақты кәсіби сала. Яғни студент жасанды интеллект саласында білім алып қана қоймай, оны практикада қолданатын белгілі бір бағытты – мысалы, қаржы, экономика, медицина, құқық немесе инженерия салаларын меңгереді.
Бұл тәсіл еңбек нарығының жаңа талаптарына сәйкес келеді. Қазіргі маман үшін дайын AI құралдарын қолдана білу ғана емес, сонымен қатар нақты кәсіби міндеттерді шешуге арналған жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеу және қолдану маңызды.
«Бүгін біз жасанды интеллект саласындағы терең білімді нақты салаларды түсінумен ұштастыра алатын мамандар даярлаудың жаңа моделін сынақтан өткізудің алғашқы практикалық қадамын жасап отырмыз. Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру және білім мен технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру міндетін қойды. Осы мақсатта Министрлік AI-білім беруді жүйелі түрде дамытып келеді: барлық жоғары оқу орындарында жасанды интеллект бойынша пәндер енгізіліп жатыр, төрт мыңнан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – ұлттық AI-Sana бағдарламасы. Оның келесі кезеңдері AI-агенттерді әзірлеуге, прототиптеуге, салалық міндеттерді шешуге және бизнеспен өзара іс-қимыл жасауға бағытталады. Сондықтан бүгін AI Agentic Lab зертханасының ашылуының маңызы зор», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Жаңа тәсілдерді сынақтан өткізу мақсатында MNU және AI Research University жоғары білім беру саласындағы эксперименттік алаң мәртебесіне ие болды. Үш жылға, яғни 2026-2028 жылдарға есептелген эксперимент AI+X моделін, білім беру процесін ұйымдастырудың жаңа форматтарын және технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып мамандар даярлау тәсілдерін іс жүзінде сынауға мүмкіндік береді.
Artificial Intelligence and Frontier Systems: AI+X бағдарламасы MNU, Seoul Cyber University, сондай-ақ отандық технологиялық компаниялар Shai.pro және Alpha.Tech.Edu бірлесіп іске асырады. Бағдарлама жасанды интеллект бойынша дайындықты кәсіби мамандандырумен ұштастырады. Студенттер бағдарламалау, деректерді талдау, машиналық және терең оқыту, интеллектуалды жүйелерді жобалау және AI шешімдерін әзірлеу бағыттарын меңгереді. Сонымен қатар үш бағыттың бірін – қаржы, экономика немесе бизнес-менеджментті таңдайды. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.
Бағдарламаға алғашқы қабылдау кезінде шамамен 70 студент қабылданды.
Практикалық дайындық AI Agentic Lab зертханасында жүргізіледі. Мұнда студенттер мен зерттеушілер заманауи жергілікті жасанды интеллект модельдерін пайдалана отырып, агенттік AI-жүйелер әзірлейді. Модельдерді әзірлеу, оқыту және тестілеу үшін университетте өнімділігі 3 петафлопс болатын жеке GPU паркі құрылды.
AI+X моделін сынақтан өткізу жасанды интеллектіні тек білім беру бағдарламаларына ғана емес, ғылыми зерттеулерге, университет инфрақұрылымы мен басқару жүйесіне де интеграциялауды көздейтін AI-Enabled University тұжырымдамасын қалыптастыру жөніндегі кең ауқымды жұмыстың бір бөлігі.
Осылайша, AI+X моделі жасанды интеллект технологияларын түсініп қана қоймай, оларды нақты салалардың міндеттерін шешуде қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.
Бұл модельді сынақтан өткізу қазақстандық жоғары оқу орындарына цифрлық экономикаға қажетті кадрларды даярлаудың тиімді тәсілдерін қалыптастыруға және еліміздің технологиялық трансформациясын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.