Ақмола облысында 3,7 млрд теңге жымқырған алаяқтар тобының ісі сотқа жолданды
Ақмола облысының прокурорлары әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде банктік несие рәсімдеумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты істің тергеуін аяқтады.

Тергеу дерегінше, топ құрамына еліміздің түрлі өңірлерінен 25 адам кірген. Олардың арасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі орталық аппаратының қызметкері мен бірнеше банктің (Kaspi bank, Forte bank, Еуразиялық банк, Jusan bank) қызметкерлері болған.
Қатысушылардың көмегімен алаяқтық әрекеттер 5 жылдан астам уақыт бойы жасалып келген.
- Қылмыстың құрбанына республика бойынша 348 азамат тап болып, келтірілген шығын көлемі 3,7 млрд теңгеге жетті. Тергеу барысында заңсыз жолмен табылған пәтерлер, жер телімдері, қымбат автокөліктер мен қолма-қол ақша тәркіленді. Тәркіленген мүліктің жалпы құны 2,7 млрд теңге болды, - деп жазды прокуратурадан
Ұйымдасқан топтың барлық мүшелері ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қазіргі уақытта процесс қатысушыларына танысуға берілді, түпкілікті шешімді сот шығарады.
Ақмола облысының прокуратурасы азаматтарды алаяқтарға сенбеуге шақырды.